Түркістан облысы, Төлеби ауданында елде жарияланған карантиндік режимге байланысты сақтық шаралары күшейтілді.
Осыған байланысты Екпінді және Қасқасу елдімекендерінен өтетін жолдарға блокпостар қойылып, демалушылардың таулы аймаққа кіруіне тыйым салынды, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме.
Аудандық бас мемлекеттік санитария дәрігері А.Еркінбекованың қаулысына сәйкес, ел ішіндегі коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында бірқатар шектеу шарасы қолға алынды. Атап айтқанда, тамыз айының 3-нен бастап 17-не дейін аудандағы демалыс орындары жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, аудандағы бассейндер мен өзен бойларындағы жағажайлар да эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін демалушыларды қабылдауға шектеу қойды. Жергілікті тұрғындарға да бірқатар міндет жүктелді. Енді азаматтардан көшеде жүргенде медициналық бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау талап етіледі. Тұрғылықты жері бойынша отбасылық шараларды өткізуге тиым салынған. Бұдан бөлек Шымкент қаласына жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер де белгіленген мерзімде жұмыс істемейді. Ал елдімекендер арасында қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмыс тәртібі қысқартылған.