Газ бүгінде әлемдегі ең сұранысқа ие ресурс саналады. Ресей Ғылым Академиясының Энергетикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2040 жылға дейін газ барлық энергия көздері арасында тұтынудың абсолютті өсіміне ие болады. Қазірдің өзінде газ энергетикасын тұтыну сұранысы жыл сайын артуда. Қазақстан бұл тұрғыда қалыс қалып жатқан жоқ. Қазақстанда газға деген сұраныстың артуына байланысты және осы орайда үкіметтің халықты газбен қамту мәселесін басым назарға алған жұмысы аясында қалалар мен ауыл-аймақтарды газбен қамту бойынша ірі жобалар жасалды. Аталған жобалардың арқасында республикада газ тұтынушылар саны екі есе өсіп, 51 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Сенаты жанындағы сенаторлар Кеңесінің мүшесі, техника ғылымдарының докторы Ләззат Қиынов «Газ беспечности не прощает» атты «Казахстанская правда» басылымына жазған мақаласында баяндайды. Оның сөзінше «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 60% жетеді. Аймақтарды белсенді газдандырудың арқасында ішкі нарықта газ тұтыну қарқынды өсуде. 2025 жылға қарай ішкі нарық 20 миллиард текше метрге жуық газ тұтынады деп күтілуде, бұл бүгінгі күнге қарағанда 30% -ға артық. Атап өтерлігі, «ҚазТрансГаз» Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін экономикалық айналымға белсенді түрде тартуда. Ұлттық оператор басқаратын елдің газ тасымалдау жүйесі 85 миллиард текше метрге дейін газ өңдеуге қабілетті екен.
Газбен қамту әлі де өзекті мақсаттардың бірі болып отырғанын ескерсек, бүгінде ел аумағында бұл жұмыстар ауқымы сәтімен жүріп келеді. Әлі де газбен қамтитын аймақтар баршылық. Және мемлекет тұрғындар үшін газ бағасын көтермеуді де басшылыққа алған. ТМД елдері ішінде Қазақстанда газ құны ең төмен деңгейде. Ләззат Қиыновтың ақпарына сүйенсек, Қазақстанда көгілдір отынның 1 текше метрінің орташа бағасы 18,5 теңгені құрайды. Әрі бұл Ресейдегі газ бағасынан екі есе, ал Қырғызстандағы газ бағасынан бес есе арзан. Бүгінде тұрғынның бір пәтердегі газ үшін ай сайын төлейтін құны орта есеппен 1,7% немесе коммуналдық қызметтердің жалпы құнынан шамамен 600 теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде жылу шығындарынан 16 есе, Интернет пен телефоннан 12 есе, электр энергиясынан 6 есе аз, тіпті қоқыс тастау газдан екі есе қымбат деп жазады Л.Қиынов.
Еске салсақ, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекетті әрі қарай газбен қамту» атты бесінші бастамасына сәйкес, Қызылорда облысынан елордаға дейін магистральді газ құбырын тарту жобасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Жоспарға сәйкес, газ құбырын тарту бағыты Қараөзектен бастау алып, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалалары арқылы өтеді. Бастаманың ең басты мақсаты – 2,7 миллион адамды газбен қамтып, шағын және орта кәсіп үшін жаңа өндірістер салуды көздейді. Бұдан өзге елдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсаты да бар. «Капитал» ақпарат агенттігінің жазуынша, экологтар Нұр-Сұлтанда жеке секторды газға көшіру атмосфераға зиянды шығарындыларды 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Қазір тек Қазақстанда ғана емес жалпы барша әлемде өндіріс салдарынан болған және болады деп күтілетін қауіпті табиғи апаттар басты мәселеге айналып отыр. Өндірістерді тоқтатып қою мүмкін болмағандықтан, оны баламалы тәсілдерге яғни экологияға зиянын тигізбей, шығарындылар мен зиянды қоқыстарды жойып отыруға мейлінше мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл тұрғыда Қазақстанның газ құбырларын тарту жобасы оңтайлы шешім болмақ деп санаймыз.
Сондай-ақ Ләззат Қиынов мұнай-газ саласы короновирус індеті салдарынан «соққы» алғанын жазады. Расында, пандемия экономика мен денсаулық саласына оңай сынақ болмады. Оның сөзінше, көгілдір отын тапшылығын бастан кешпей, қыс түскен сәтте қиналмау үшін газ саласына басым қолдау танытудың жолдарын қарастыру керек. Десе де індеттің беті қайтуын қайтады, бірақ газ саласындағы қауіпсіздікті де естен шығаруға болмайды. Ләззат Кетебайұлының айтуынша, газ құбырының жарылуы немесе газ өндірісіндегі құрылғыларға салғырт қарау адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан да ел аумағында ескі газ құбырларын жаңасымен алмастырып, тұрғындардың қауіпсіздігін алдын ала ескеру өте маңызды. «Сауатты тарифтік реформаларсыз және газ саласындағы шығындарды ескермесек, ерте ме, кеш пе өндіріс жағымсыз құбылыстарға тап болады», - деген ол ерте қимылдау жұмыстың өнімді болып, дұрыс жолға қойылуына әрі шығынға батпауға мүмкіндік беретін бірден бір жол екенін алға тартады.
Қазір республика бойынша бірнеше газ құбырын салу жобалары қолға алынып, құрылыстары жүріп жатыр. Тұрғындардың бәрін газбен қамту жұмыстары болашақта да сәтті жүзеге асатынына сенеміз. Мұндай газ құбырларының бой көтеруіне қатысы қызметті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ қолға алған.