Бизнес-тренерлер адамның баюын ойлай ма?

Бизнес-тренерлер адамның баюын ойлай ма?

ашық дереккөзі

 width= Бай болғың келе ме? Үйретеміз! Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, тренерлер мен мотивация беретін мамандардан көз сүрінеді. Дені бизнесте бір күн жүріп көрмесе де, қаржылық жағдайыңды түзеуге септігімізді тигіземіз деп жатады. Расымен, тренингке қатысып, дәулетті болуға бола ма? Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Ерлан Мұстафин 20 жылдай тренингтер өткізіп келеді. Ол дұрыс бағыт алу үшін үш нәрсе қажет дейді. Олар: тәжірибелі маманнан білім алу, адамның ішкі дайындығы және нақты іс-әрекет. Бұлардың бірі кем болса, нәтижеге жету мүмкін емес. Ерлан МҰСТАФИН, бизнес тренер: «Қазіргі кезде, өкінішке қарай, оқып, біліп, көптеген кітаптарды алып ондағы дағдылардың барлығын үйреніп, бірақ оны жүзеге асырмайтын адамдар бар. Міне, үш мәселе тоғысса, әрине жетістікке жетудің ықтималдығы жоғарылайды». Психолог Ерден Нұртаевтың пікірінше, миллионер атанудың құпия рецепті жоқ. Болған күннің өзінде қалталы адам ол сырын көпшілікке 5 мыңға немесе 50 мыңға сатпайды. Ары кетсе жақындарымен бөлісуі мүмкін. Сонда елді жинап дәріс оқитындардың мақсаты қандай? Ерден НҰРТАЕВ, PHD психолог «Тренингтегі тренерлер сіздің байлығыңыз жайлы ойламайды. Олар тек өзінің мақтаншақтығына масаттанады немесе хайпқа құмар болады. Ол сізді сол тренингке шақыру үшін көп уәде береді. Ал нәтижесінде сіз ештеңе ала алмауыңыз мүмкін. Тренингтер - көбіне біреудің өмірбаяны немесе біреудің практикасы. Адамдар оны қайталаса да, сондай нәтижеге жете бермейді». Қалталы болудың сырын өзге емес, кәсіпкерлердің өзінен сұрағанды жөн көрдік. Дәулет Дастан 15 жасынан сауданың қыр сырын үйрене бастапты. Бұл күні елордадаға бірер мейрамхананың иесі. Кәсіпкер бизнеспен біте қайнасып, ішінде жүрмей, теориямен алысқа бара алмайсың деген пікірде. Дәулет ДАСТАН, кәсіпкер: «Бинесте жеткен жетістігінің құпиясын ешбір адам 100 пайыз ешкімге айтпайды. Қатысқан семинардан тәжірибенің тек 10 пайызын қабылдай аламыз. Оның ішінде қалай жұмыс істеу керек, не істеу керек екенін. Сонымен қатар қандай қиыншылықтар бар екенін, одан қалай өту керектігін». Қоғамның қалталы азаматтарға деген көзқарасы қандай? Блогер Алмас Тоқабаев негатив көп дегенді айтып қалды. Себебі, «Forbes» сияқты журналдарға іліккен отандастырымызға деген сұрап көп екен. Алмас ТОҚАБАЕВ, блогер: «90 пайызы ортадан төмен тұратын ортада байларға деген теріс көзқарастың болуы заңдылық. Егер сол байлардың ақшасы елге инвестиция болып оралатын болса, оң әсерін тигізеді. Кезінде офшорлардан қанша ақша табылатынын білесіз. Ал енді соның бәрі ел ішінде қалатын болса, инвестиция ретінде ел экономикасына жұмыс істейтін болса, бай адамдардың көп болғаны құба құп». Қысқасы, тренингтің де тренингі бар. Білікті маманнан дәріс алып, әрекет жасасаң ғана берекеті болады. Әйтпесе ақшаны далаға шашқанмен бірдей екен. Әркімнің өз баю жолы барын ескерсек, өзгенің оқиғасы нан болмайтын көрінеді.

Жүктелуде...