Кім ұзақ өмір сүреді? Ет жейтіндер ме, жоқ әлде вегетариан атанып бұл тағамнан мүлдем бас тартқандар ма? Пандемия кезеңінде адам ағзасы мықты болуы үшін иммунитет төмендемеуі керек. Бұл дәрігерлердің ұйғарымы. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Адамның ерте қартаюының бір себебі - ағзасындағы дәрумендердің азаюынан. Оны болдырмаудың бір жолы - ет жеп тұру. Тұтынуға келгенде төрт түліктің ішінде де төресі бар екен. Академик Шарманов былай дейді.
Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақ тағамдану академиясының академигі: «Қойдың еті ертеңгі күн батқанша, бір сутка бойы. Сиыр еті таң сығырайып атқанша дейді. Жылқы еті төсек салып жатқанша дейді. Сіңімділігі 3 есе жылдамдықпен болғаннан кейін оның пайдасы да бірнеше есе жоғары тұрады басқа еттерден көрі. Сапасы, қасиеті жағынан жылқы етіне жетері жоқ».
Вирус әлсіз адамның етегіне жабысып, жағасынан алатынын дәрігерлер растады. Иммунды жүйені нығайтудың бір жолы дұрыс тамақтану. Алайда, кейінгі уақытта еттен саналы түрде бас тартып, вегетариан атанғандар бар. Тіпті, оның артықшылығы көп деп дәлел айтқандар табылды.
Пол КЕМП, вегетариан: «Вегандарша тамақтану пайдасыз дегенге келіспеймін. Ет жеп диета ұстағаннан, веган немесе вегетариан болған әлдеқайда пайдалы. Сіз тамақтанғанда тамақтың құрамындағы пайдалы дүниелерге аса мән беруіңіз керек. Ағзаңызда қажетті мөлшерде ақуыздың болуын қадағалаңыз. Жануарлардан алынған ақуызға қарағанда өсімдіктен алынған ақуыз пайдалырақ. Көптеген денсаулығымызға қатысты проблемалардың болуын етті көп мөлшерде жегендіктен деп білемін».
Адам ағзасының дені ақуыздан тұрады. Оның азаюы уақыт өте келе кері әсер етуі мүмкін. Диетолог Салтанат Болатбекқызы бұл тақырыптың ақ-қарасын ашып берді.
Салтанат БОЛАТБЕКҚЫЗЫ, диетолог: «Ет жейтін адамдар вегетарианды тамақтанатын адамдарға қарағанда құнарлы тамақтарды, витаминдерді өздеріне көбірек сіңіреді. Еттерде, әсіресе қызыл еттерде бізге қажетті темір, кальций, Б-12 және ең бастысы бізге ақуыздарды сол еттерден аламыз. Ет жемейтін адамдарда витаминге дефицит көбірек болады».
Бақытбол БЕРІМБАЙ, ұлттық тағам түрлерін тұтынушы: «Анемия деген бізде шектен тыс көп. Неге? Өйткені жастардың көбі ет жемейді, сорпа ішпейді. Ет жеп, сорпа ішпегеннен. Ет жеп, сорпа ішкен адамның қан сөлі, қан айналымы толық болады. Өйткені ата-бабаның қанында, генінде бар нәрсе».
Ет жеп тұрыңыз, әсіресе жылқы жесең қарның тоқ, денсаулығың мықты болады деп айту оңай. Базарға бара қалсаң, бағалар бір ойландырып тастайтыны тағы бар.