Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов табиғи апаттың салдарынан зардап шеккен Елтай тұрғын алабындағы 5 отбасыға баспана кілтін табыстады. Құрылысы бір жарым айда аяқталған үйлердің өлшемі 11х11 метрді құрайды, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал аумағы 112.36 шаршы метр. Сонымен қатар, қабырғасы газаблоктан, шатыры профнастилден салынған. Бұдан бөлек, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары да жүргізілді. Үйлердің құрылысын «Bi Group» компаниясы өз қаржысы есебінен жүргізді.
Баспана иелерін жаңа қонысымен құттықтаған қала басшысы аталмыш құрылыс мекемесіне алғысын жеткізді.
Сонымен қатар Елтай тұрғын алабын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысқан қала әкімі орташа жөндеуден өткен Баубақша мен Нұрсәт көшелерін аралап көрді. Жалпы тұрғын алапта 5,5 шақырымды құрайтын 3 көше мен 1 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жұмыстарға бюджеттен 186,5 млн. теңге қаржы қаралған.