Қала әкімі Мұрат Әйтенов дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орнында болып, қаланы дәрімен қамту мүмкіндігін бағамдап көрді, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші болып «SANTO» дәрі-дәрмек зауытына барған әкім өндіріс цехтарын аралап көрді.
Мұнда инъекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральді дәрілік заттар (таблеткалар, саше, түйіршіктер), антибиотик ұнтақтары, стерильді емес ерітінділер шығарылады.
«830 қызметкер тәулік бойы төрт ауысымда жұмыс істеуде. Өнімнің 70 пайызы көтерме, 30 пайызы бөлшек бағада сатылуда» – деді компанияның өндіріс жөніндегі директоры Светлана Майорская.
Одан соң екі ірі «Ақниет», «Зерде» дәрілік заттар қоймасына барды. Олар қаладағы жүз шақты дәріханаға екі мезгіл дәрі жеткізіп отырғанын айтты.
Дистрибьютерлер қоймаларға күніне 2-3 көлік дәрі-дәрмек әкелінуде екенін жеткізді.
Төртінші категориядағы вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғарылады. Сондықтан компаниялардың тапсырысын 5 есеге арттырдық. Қазіргі таңда 15 көлік, 5 вагон дәрі-дәрмек жолда келе жатыр. Парацетамолдың 50-ге тарта аналогтік түрі дәріханаларда бар. Көрші аймақтардан, мәселен Тараз, Қызылорда, Түркістан облыстарынан сұраныс көптеп түсуде екен.
Ең бірінші Шымкент қаласын толығымен қамтып болған соң ғана, өзге қалаларға жіберілетін болады», – деді «Зерде-Фито» НПО ЖШС-ның директоры.
Мамандардың айтуынша, дәрі таусылып қалады деген қорқынышпен шамадан тыс көп дәрі алып, үйде сақтай берудің қажеттілігі жоқ. Дәрі жеткілікті. Әрбір дәрінің сақтау мерзімі мен шарттары бар. Оны қолданбаса адам организміне кері әсерін береді.
Барлық жағдаймен таныс болған Мұрат Дүйсенбекұлы дәрілердің жеткізілуінде ешбір кедергілер орын алмауын тапсырды.