Туризм саласындағы қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың басшылары Шымбұлақ тау курортында (теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте) бас қосып, елімізде саланы дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.
Кездесуді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев ашып, қазіргі күрделі жағдайда нарықты нығайта отыра бизнес пен мемлекет арасында сындарлы диалог құру қажеттігін атап өтті. Кездесу барысында 2020-2021 қысқы маусымына таудағы дайындық және ұлттық парктерде экотуризмді дамыту мәселелері талқыланды. Жыл бойы жұмыс істейтін Шымбұлақ тау курортының презентациясы барысында компанияның бас директоры Ринат Әбдірахманов туроператорлармен бірге пакеттік ұсыныстарды қалыптастыруға ерекше назар аударып, туристік қауымдастықтар басшыларымен курортты одан әрі дамытуды талқылады.
«Тау шаңғысы демалысын ұйымдастыру Қазақстанда өте перспективалы бизнес. Өйткені шетелдік туристердің біздің тауларымызға деген қызығушылығы бар және біздің туристердің Еуропаның немесе Орталық Азия елдерінің шетелдік тау шаңғы курорттарына деген сұранысы да бар», - дейді Turan Asia LLP директоры Гүлғайша Қасенханқызы.
Статистикаға сәйкес, таушаңғы демалысын ұнататын турист күніне орташа есеппен 250 доллар жұмсайды. Ал жағажайға баратын турист тек 50 доллар шығындайды. «Kazakh Tourism ҰК» АҚ-дан мәлім еткендей, кездесудің екінші бөлімі толығымен экотуризм және туристердің экологиялық сауаттылығын арттыру мәселелеріне арналды. «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебінің идеялық жетекшісі Әсел Исанова туристерді қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйрету жоспарлары туралы айтып берді.
«Біз жұртшылыққа таудағы жүріс-тұрыс ережелерін қоғамдық дәрістер, ақпараттық турлар, білім беру және шабыттандыратын медиа контент арқылы таныстыратын боламыз. Біздің басты мақсатымыз – адамның табиғатта қауіпсіз болуын, сондай-ақ табиғатты адамның зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету», - дейді Әсел Исанова.
Әрі қарай спикер мектеп жанынан эко-волонтерлік қозғалыс құрылатынын, оған бір айда аз уақыт ішінде 600-ден астам адам тіркелгенін хабарлады. Қозғалысқа қатысушылар арасында мектеп оқушылары мен студенттерден басқа, кәсіби еріктілер, шығармашылық адамдар, экологтар, биологтар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар және басқа да мамандандырылған тұлғалар бар.
«Бірлескен іс-әрекеттердің арқасында парктің ластануы, флора мен фаунаның жойылуы, туристік ағындарды реттеу және басқа да маңызды мәселелерді шешуге үлкен үлес қоса алатынымызға сенімдімін», - деп қорытындылады Ә.Исанова.