Праймериз: Түркістандық волонтер жастар саясатын дамытуға үлес қосқысы келеді

Праймериз: Түркістандық волонтер жастар саясатын дамытуға үлес қосқысы келеді

ашық дереккөзі

«Nur Otan» партиясының праймеризіне жастардың қызығушылығы өте жоғары. Түркістан облысында алғашқы күннен бастап 4 күн ішінде 105 жас өрен праймеризге өтініштерін өткізді. Солардың бірі – Ислам Джолбасқанов. Түлкібас ауданының 22 жастағы тұрғыны елімізде жастар саясатын дамытып, ауыл аймақтарды көркейтуге үлес қосқысы келеді. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат агенттігі «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ислам қоғамдық-саяси өмірге өте ерте араласқан. Түлкібас ауданында «Мейірім» ерікті жастар ұйымын құрған. Ол ұйым мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталықтарында іс-шаралар, жалғыз басты қарттар мен соғыс ардагерлерінің үйінде сенбіліктер ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар демеушілерді тарта отырып, мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді. Ислам жалпыұлттық “Аягөзбен бірге”, “Арыс, біз біргеміз” және «Nur Otan» партиясының “Biz Birgemiz” акцияларына белсене қатысты. Елге көмектесті. «Менің мақсатым лауазымға ұмтылып, атаққа бөлену емес. Жастық жігерімді, білімімді ел мүддесіне жұмсағым келеді. Әсіресе, жастар саясатын тиімді жүргізу, ауыл жастарын жұмыспен қамту және оларды игі іске ұйыстыру бағытында жоспарларым бар. Ауыл тұрғындарының демалыс уақытын ұйымдастыруға аса мән беремін. Ауылдарда зейнеткерлер, қарттар, отбасылар, балалар мен жастар емін-еркін демала алатындай саябақтардың салынып, оларды көгалдандырып, жарықтандыруға ықпал жасайтын боламын. Ауыл ішінен бір емес бірнеше «Street workout» алаңшаларының ашылып, баскетбол, футбол алаңдарының салынуына үлес қосамын. Жастар сарайы мен үйірмелер ашуға мүдделімін. Ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынуды перзенттік борышым деп есептеймін. Қоғамда ерікті, патриот, мейірімді жастар көп. Праймериз сол жалынды жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр», – дейді Ислам. Мақсатын орындауға Исламның қабілеті жетеді. Ол 2017 жылдан бастап “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары Түлкібас аудандық штабының жетекшісі болды. 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық жабылу салтанатында Ислам «Үздік сарбаз» номинациясын иеленеді. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған. “Biz Birgemiz” жалпыұлттық акциясына белсене қатысқаны үшін Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаетың Алғыс хатымен марапатталған. Қазіргі таңда “Jas Otan” ЖҚ Түлкібас аудандық филиалының төрағасы.  

Жүктелуде...