Жастайынан спортпен шұғылданып, талай жетістіктерге жеткен түлектер білім грантына мұқтаж. Өйткені, министр жеңілдікпен оқуға мүмкіндікті аз бергенге ұқсайды. Осылайша халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінің өзі оқуын ары қарай қалай жалғастыратынын білмей дал. Бұған шамданған ата-аналар бүгін спорт және туризм академиясының алдына жиналып, айқай шығарды. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Нәтиже шыққан кезде бұлар бекер айналыстық па осымен, қанша ма жылымыз осымен кетті. Енді қайда барам? Қандай мамандық таңдаймын деген де мәселелер тұрды".
Бала кезден бастап ғұмырын спортқа арнаған түлектердің, білім грантының қорытындысы шыққан кезде төбе шаштары тік тұрған. Өйткені, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінен бастап, республика деңгейінде атой салып жүрген азаматтардың көбісіне тегін оқуға түсу бұйырмапты. Ел намысын қорғап, туымызды көкке көтереміз деген спортшылардың қазір көңілдері пәс. Ал, ата-аналарының көбісі ақылы оқытуға жағдайымыз келмейді дейді.
Кәмшат РАЙЫМХАНОВА, қала тұрғыны:
"Жүзден жоғары балл алып, түсе алмай қалды грантқа. Біздің ақылы оқытатын жағдайымыз жоқ балаларымызды. Олар ай сайын апталап жарыстарға кетеді. Бапкерлердің арқасында спорт шебері деген жетістікке жетіп отыр. Енді осы балаларды елеп-ескеріп мемлекеттен, министрліктен біз қосымша грант бөлуін сұраймыз".
Мәселен биыл 41 жоғары оқу орнына 350 грант бөлінген. Соның ішіндегі 163-і Спорт және туризм академиясына тиесілі. Ал, құжатты 800-жуық түлек тапсырған. Олардың ішінде 19 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінің тек 6-уы, 60 спорт шеберінің 24-і ғана тегін оқуға мүмкіндік алған. Соның бірі республикалық жарыстарда талай рет топ жарып, біраз жетістікке жеткен Шыңғыс Серіков. Бес жылдан бері қазақша күрес және дзюдомен айналысып келген. Үлкен дәрежеде белдесуге шығамын деген спортшы тест кезінде 120 балдың 110-ын жинадым дейді. Ұпайы мен талантына сенген жігіт қорытынды мүлде басқаша шыққандығын алға тартты.
Шыңғыс СЕРІКОВ, жас түлек:
"Өзімнің арманым болды. Өйткені, қазақша күрес, дзюдо өзіме жақын. Мен үлкен жетістіктерге жетем деп ойладым. Түспей қалдық. Жетістіктерге жетем, үлкен дәрежеде күресем деген арманым бар еді, соған жетемін ақылы түрде оқысам да".
Арман жетелегенімен, көп ата-ананың қалтасы көтере бермейтіндігі хақ. Осыны ескерген көпшілік академия алдына жиналып білім грантын қосуды талап етті. Негізі 2018 жылға дейін жетістігі жоғары балалар бір саты биік тұрса, қазір тармақ өзгеріп, тек тест нәтижесіне ғана баса назар аударылады екен.
Мұхтар ЕСҚАЛИЕВ, Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры:
"Осы дарынды балалар спортта болсын, пән олимпиадасы болсын, осылар басым құқық иегері болған болатын. 2018 жылы. Әрине 18 жылдан бастап бұл тармақ өзгертілді де, балдары тең болған жағдайда деген көрсеткіш енгізілді. Сол себепті, бүгінгі күнде біздің қаншама спортшыларымыз тыс қалып қойып отыр гранттан".
Бұл биыл ғана шыққан дау емес. Жыл сайын грант бөлінгеннен кейін, түсе алмай қалған түлектердің ата-аналары осында келіп өкпе-ренішін білдіреді. Қордаланған мәселенінің бір жауабын білу үшін министрлікке хабарластық. Жауабы мынадай.
Әділет ТОЙБАЕВ ҚР БҒМ жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры:
"Жыл сайын олар бізге осындай ақпаратты ұсынады. Осы ақпараттың негізінде республикалық комиссия белгілі бір көлемде әрбір бағыт бойынша гранттарды бөледі. Биыл бізде осы бағыт бойынша 350 грант бөлді бакалаврият деңгейінде. Былтырғымен салыстырсақ, былтыр бізде 150 грант бөлінді. Демек екі жарым есе көп бөлініп отыр.
2025 жылға дейін осы бағыт бойынша грант саны 1000 жуықтауы тиіс екен. Бірақ, әзірге тек 350 спортшыға тегін оқу қарастырылған. Болашақта ел мәртебесін көтеретін жас спортшыларымызға грант санын көбейтіп, бабында болуына көмектессе дейді көпшілік.