Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Тоқаев: қазына қаржысын жымқырғандар толық жазасын өтеуі керек

Тоқаев: қазына қаржысын жымқырғандар толық жазасын өтеуі керек

Тоқаев: қазына қаржысын жымқырғандар толық жазасын өтеуі керек
ашық дереккөзі
 width= 12 жыл жылдық жазаның жартысын өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын  шыққан экс- шенеунік қайта ұсталды. Батыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысын арнайы жасақ сарбаздары үйінде отырған жерінен қолын бұрап, алып кеткен. Күні кеше Мемлекет басшысы қазына қаржысын опырып, сосын сотталып, артынша жарты мерзімін өтеп шығып кету деген болмау керек деп қадап айтты. Тоқаевтың бұл үндеуіне қатысты халық не дейді? Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Бұл Орал қаласында болған жағдай. Батыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы мерзімінің жартысын өтеп, түрмеден бостандыққа шыққан еді. Алайда, Қостанай облыстық сотының алқасы, сотталушы мемлекетке келтірген 67 млн теңгеге жуық залалды толық өтемеді деп, оны қайта қамау туралы шешім шығарған. Мүсілім Оңдағановтың жақтастары жасақтың сарт та сұрт әрекетіне шағым түсіреміз деп отыр. Осы оқиғаға қатысты сиясы кеппеген тағы бір ақпар. Жемқорлықпен ұсталған адамды уақытынан бұрын шығарғаны үшін мемлекеттік сот орындаушы күдікке ілінді. Оның ісін енді прокуратура қарайды. Айтып ауыз жиғанша деген осы болар. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев  жиында кооррупциялық қылмыс жасап сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды. Дегенмен, Президент бұл шара «ұр да жыққа» айналмауы керек деп ескертті. Өзі де, сөзі де, ісі де түзу шенеуніктерге қырғидай тимеңдер деп ашып айтты. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР президенті:
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керек. Бұл бағыттағы әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық ниглизмге әкеп соғады. Дегенмен жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар бұл жауапты және заңға бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс».
Шартты түрде босап шығу  сотталып кеткен шенеуніктер үшін үміт оты сияқты. Қолы жеткені қолданып жатыр.  Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың өзі неге тұрады. 2 миллион доллар пара алды деп 10 жылға сотталды. 1,5 жылдан кейін босап шықты. Экс премьер-министрдің ісі де есімізде. Қызметін асыра пайдаланды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, өзгенің мүлкін талан таражға салды деген бірнеше бапты арқалаған Серік Ахметов 10 жылға колонияға кете барған еді. Алайда араға 2 жыл салып, мемлекетке 2,5 миллирд теңгені қайтарды да бостандық алды. Кіріп-шығып жүре беретін колония деген  осы қонақ үй ме? Халықтың дәл осылай шамданатындай жөні бар. Кешегі Президенттің сөзін көпшілік қуана қабылдапты.
«Менің ойымша аяп керегі жоқ! Халықтың қамын ойламаған адамдар дұрыс емес. Себебі қазір әркімде әртүрлі жағдай. Ешкім ойнап жүрген жоқ. Бәрінің жағдайы мәз емес». «Аямау керек ондай жемқорларды. Жазасын алу керек». «Тоқаевтың бұл бастамасымен бәрі келіседі деп ойлаймын. Қазына қаражаты халықтікі. Біз салық төлейміз, жұмыс істейміз. Жемқорлар лайықты жазасын алуы тиіс. Егер заң қатаң талаппен орындалса, жас ұрпақ содан сабақ алады. Үлгі көрсетеміз».
Зайырлы, құқықтық елде өмір сүреміз, әйтпесе ату жазасын енгізсе қарсы болмас едім. Саясаттанушы Самат Нұртаза осындай пікірде. Жымқырғандарды соттау мерзіміне қатысты былай дейді. Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы:
«Парақорлықпен ұсталғанға 7-8 жыл бұл өте аз. Біздің қоғам, өкінішке орай, қорыққанын сыйлайды. Қорыққан дегеннен шығады 10-12 жылға дейін соттау керек деп есептеймін. Қатаңдату керек. Мен сол жағын қолдаймын. Президенттің бастамасы бұл басы ғана. Әлі талай реформалар осы салада жүреді».
Мемлекет басшысы айтты, тапсырма орындалады. Парламент каникулдан келген соң, заңға өзгерістер мен толықтырула енгізетін болар. Адвокат Айсана Сман бұл процесстер қай құжаттарды қамтитынын айтты. Айсана СМАН, адвокат:
«Біріншіден Қылмыстық кодекске, оның ішінде арнайы бабы бар осы мәселені реттейтін. Қылмыстық-процесуалдық кодекстерге және жаңа айтылған жоғары соттың нормативтік қаулыларына өзгеріс кіргізу керек. Егер коррупционер қылмыс жасаса, мұндай жағдайда бас бостандығынан айырылған кезде толық мерзімін отырып шығу керек».
Бұл күрделі реформалардың алғышарты. Коронавирус дендеп, карантин жарияланғанның өзінде ардан аттап, ем-домға деген қаражатты қалтасына басқандар анықталып жатыр. Қараша халықты аямайтын парақорларды енді ешкім басынан сипамайды деген сөз.