Қабан мүйіз, шайтан ерін, толқын қас. Иә, небір дарақылықтың төресін,тренд құмар қыздардың бетінен көретініміз рас. Қоғам жақтыртпаса да, үлкендер қарсы шықса да, инста - арулар үшін арзан атақтың құны қымбаттырақ. Биыл кезек көзге жеткен тәрізді. Нәзік жандар жаппай жанарын өзгертіп әлек. Сонда бұл не қылған тренд? Оның көзге қауіпті екені рас па? Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұрындары қарақат көз, бота көз, тана көз дейтін. Қазіргінің қыздарына түлкі көз дейтін болдық енді. Қайтесің, жаңа заман жаңа сән.
Иә, инста - арулар таңғалдырудан жалықпайды. Біз үшін деградация, кей бұрымды үшін оқырман жинаудағы инновация. Қысқасы, «атың шықпаса, жер өртенің» заманауи нұсқасы. Қызығы, көзге түрпідей тиетін жаңа тренд, арулар арасында кәдімгідей сұраныста көрінеді.
Жұлдыз ӘБЕУ, Актриса:
«Қазір 21-ғасыр. Сондықтан мұндай процедураларды, яғни түлкі көздерді істеткендерге таңғалудың қажеті жоқ. Қыздар түгілі, ер азаматтар да істетіп жатыр. Бұл заман талабы. Әркімнің әдемі болуға таласы бар. Бірақ, бастысы бетке зиян тигізіп алмау үшін, кәсіби мамандарға жүгінген абзал»
«Сұлулық құрбандықты талап етеді» дейді. Міне, бұл сөз тура осы процедураға қарата айтылғандай. Құрбандық бар әрине, бірақ сұлулықты табу үшін біраз терлеу керек сияқты. Мұндай бьюти тренд бәріне бірдей жаға бермейді. Көптен ерекшеленемін деп, табиғи келбетін, Құдай берген бетін масқарадай қылғандары қаншама.
Аяжан МЫРЗАМСЕЙІТ, Косметолог:
«Блеферопластика, ол жіппен қабат терісін тарту. Мұндай процедураға қазір көп қыз-келіншек жүгініп жатыр. және оның реалибитациясы болады. Хирург жазып берген мазьдарды жағып отыру керек. көз айналасы құрғап кетпеуі үшін. Ол мәселеге немқұрайлы қарасаңыз бетіңізге тез әжім түседі»
Білетіндер, мұндай процедураға тез танылудың қамымен жүргендер ғана жүгінеді дейді. Дегенмен, бүгін сұраныстағы трендтің ертең лезде ұмытылып қалмасына кепіл жоқ. Сұраныс кетер, бірақ беттегі іздер әлі көп уақыт естелік болып қалатынын ұмытпаған абзал.
Аида ТҰРҒАЗЫ, Психолог:
«Бұл трендтардың ғұмыры үнемі қысқа болып отырады. Яғни, сіз бұл трендке келдіңіз, қысқа уақытта бұл адамдар үшін нормаға айналып, келесі тренд пайда болады. Сонда сіз келесі трендке кетесіз бе әлде жинаған аудиторияңызбен жұмыс жасайсыз ба? Осыны да ескере білген жөн»
Оған қоса, дәрігерлер түлкі көз, болашақта мүлдем көрмей қалуыңызға түрткі болуы мүмкін дейді.
Бану СҰЛТАНҚҰЛОВА, Көз аурулары қазақ ғылыми зерттеу институтының дәрігері:
«Қазіргі кезде бізге көп науқастар блефоропластикадан кейінгі асқынулармен келіп түседі. Қапралады. Солардың ішінде кератитпен, блефарактозбен, гематомамен келіп қаралады. Бұл аурулар көз соқырлығына алып келеді»
Қысқасы, арзан атақтың құны қымбат. Бүгінгі орынсыз хайпыңыз, ертең айыпсыз қалмайды. Анығы осы.