Кепілге алғанның арқасында аман жүрмін. Әйтпесе, қазір тірі жүруім екіталай еді. Дәл жұмыс орнында күйеуі қарумен күштеп ұстаған келіншек арнамызға эксклюзивті сұхбат берді. Оқиға Оралда болған еді. Қолына қару, гранат ұстаған ер адам нотариус боп қызмет істейтін әйелін кепілге алып, тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызған болатын. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасындағы кикілжіңнің айқайлап тұрып сыртқа шыққан кейпі. Орал. Қараша айы. Жергілікті тұрғын қолына пышақ пен граната ұстап, өз жұбайын кепілге алған еді. Уақыт өте келіншек бұл қылмыстың болғанына қуанышын жасырмай айтатын болады.
Оқиға Ираида Исламғалиеваның жұмыс орнында болған. Нотариус кеңсесіне баса-көктеп кірген жігіт әй-шайға қарамай оны кепілге алғанын жариялайды.
Ерболат, куәгер:
«Үйден шығып, серуендеп жүрдім. Нотариус жақтан шу шығып жатқанын байқадым. Жігіт әйелді қолымен қысып ұстап, қазір бәрін жарып жіберемін деп айқайлады".
Жедел әрекет ету қызметі 6 сағат бойы келіссөздер жүргізді. Жігіт 100 мың доллар, кейін инкасатор көлігін, тіпті ұшақ беруді талап еткен еді. Ақыры көндігіп, жаралы әйелін босатуға келісті. Кейін анықталғандай, қолындағы граната да жасанды болып шыққан.
Ираида ИСЛАМҒАЛИЕВА, зардар шегуші:
"Сол күнгі оқиға менің отбасылық өмірімнің тек бір сәті ғана. 2,5 жыл бойы тозақта болдым десе де артық емес. Қазір жолдасым абақтыда. Меніңше, ол өз орнын тапты".
Ираиданың сөзінше, қылмысқа барған жолдасы ауқатты адам. Қарудың түр-түрін жинаумен қызығыпты. Отасқан күннен бастап, қысым көрсете бастаған дейді. Ажырасуға әрекет жасағаннан да түк шықпаса керек.
Ираида ИСЛАМҒАЛИЕВА, зардар шегуші:
"Сен заңгерсің ғой. Неге ажырасып кетпедің деп сұрайды көпшілігі. Адамның мамандығы ештеңені шешпейді. Үйленбей тұрып біз жарты жыл кездестік. Түзу жігіт болып көрінді".
Ираиданың бірінші некеден екі баласы бар екен. Абақтыға қамалған екінші жолдасы қит етсе, сол балаларың жапа шегеді деп қорқытса керек.