Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов дүниеден озды. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының ресми ақпаратында марқұмның туған-туыстарына көңіл айтылған.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшылығы, Әскери және Ардагерлер кеңесі Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Сатов Мұхаметқали Құсайынұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады", - делінген хабарламада.Мұхаметқали Құсайынұлы 1961 жылы 29 маусымда Қарағанды қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1978-1982 жылы КСРО ІІМ Новосібірдегі жоғары әскери училищесін бітірген. 2013 жылы Көкшетау қаласындағы А.Мырзахметов атындағы университетте мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған. 1982-2002 жылдар аралығында взвод командирінен әскери бөлім командиріне дейінгі түрлі әскери лауазымдарда қызмет етті. 1999-2001 жылы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшылығы бас басқармасының әскери кеңес хатшысы. 2005 жылдан 2013 жылдың мамырына дейін – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің комитеті – Ішкі әскерлер бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы. 2013 жылдың 25 мамыры мен 2014 жылдың мамыры аралығынлда Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. 2014 жылдың 20 мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. КСРО және Қазақстан Республикасының 14 медалімен, ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен наградталған. Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері. Мемлекеттік басқару магистрі. Қазақстан Республикасы президентінің 2016 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен "генерал-майор" шені берілді.