Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақстанда бүгіннен бастап карантин жеңілдетілді

Қазақстанда бүгіннен бастап карантин жеңілдетілді

Қазақстанда бүгіннен бастап карантин жеңілдетілді
ашық дереккөзі
 width=   Қазақстанда карантинді жеңілдетудің бірінші кезеңі басталды. Бұған дейін жабық болған көптеген нысандар қайта ашылады. Алайда демалыс күндері қатаң карантин сақталады. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Дүйсенбіде қандай нысандар ашылады

Мемлекеттік комиссия 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті. Оған сәйкес, барлық өңірде қайта ашылатын кәсіпкерлік нысандардың тізімі бекітілді. Олар:
  • сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, бутиктер, сауда желілері, жабық базарлар. Бірақ ішке кірген адамдардың саны жалпы сыйымдылығының 30 процентінен аспауы тиіс;
  • сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша);
  • бассейні жоқ фитнес орталықтары, моншалар мен сауналар. Бірақ жалпы  сыйымдылығы 50 проценттен аспауы қажет;
  • балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар мен ересектерге білім беру орталықтары. Бірақ бір топта 5 адамнан артық отырмауы шарт;
  • мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес);
  • ашық ауадағы аттракциондар;
  • қала ішіндегі қоғамдық көлік.

Қандай нысандар жабық болады

Мемлекеттік комиссия әзірше ашылмайтын нысандарды да тізіп шыққан болатын. Олар: барлар, түнгі және ойын клубтары, караоке, фудкорттар, кинотеатрлар, музейлер, көрмелер мен форумдар, бассейндер, жағажайлар мен ашық аквапарктер, діни нысандар, қала маңындағы жолаушылар пойыздары/электричкалар; Бұдан бөлек, ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық шараларды өткізуге, тіпті, үйде отырыс ұйымдастыруға болмайды. Ал жұмыс берушілерге қызметкерлердің, кемінде, 80 процентін қашықтан жұмыс жасау форматында ұстауға кеңес берілді. "Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады", - делінген комиссияның ресми хабарламасында.

Демалыста қандай шектеулер болады

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, сенбі-жексенбі күндері ірі сауда орталықтары жабылады. Себебі ондай жерде халық көп жиналады.
"Адамдар жақын араласқанда инфекцияның таралу қаупі күшейеді. Демалыста ондай қарым-қатынас көбейеді. Халық сауда орталықтары мен базарларға барады. Сол себепті демалыстағы қатаң карантинді сақтай тұруға шешім қабылданды", - дейді Есмағамбетова.
Ал денсаулық сақтау министрінің Алексек Цойдың сөзіне қарағанда, демалыста тағы 65 жастан асқан адамдарға сыртқа шығуға шектеу енгізіледі. Қоғамдық көлік тоқтатылады. Сенбі-жексенбі күндері тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Демалыстағы қатаң карантин екі аптадай сақталады деген жоспар бар. "Атамекен" палатасы екі жетіден кейін эпидемиологиялық жағдайға қарай ол шектеулерді де алып тастау мәселесін көтереміз деп отыр.

Кәсіпкерлер рұқсат қағазын қалай алады

17 тамыздан бастап ашылатын кәсіпкерлерге онлайн тіркеуден өтіп, санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы актіні алу қажет. Ол үшін InfoKazakhstan.kz сайты іске қосылды. Әзірше, компьютер арқылы тіркелу керек. Артынан сайттың мобильді нұсқасы жасалады. "Атамекен" палатасы таратқан мәліметке сәйкес, кәсіпкерлік нысандардың басым бөлігі тіркеуден өтіп, негізгі санитарлық нормалармен танысса да жеткілікті. Ал бірқатар нысандар тіркеуден өтеді. Сосын мобильді топтардың тексерісін күтеді. Содан кейін ғана ашылады. Олар:
  • сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері;
  • азық-түлік сататын сауда орындары;
  • азық-түлік сатпайтын базарлар;
  • балаларға арналған сауықтыру лагерьлері.
Тіркеу электронды цифрлық қолтаңба арқылы жасалады. Ал рұқсаттың электронды нұсқасын алғаннан кейін оны басып шығарып, кіреберіске іліп қою қажет. Қосымша сұрақтар болса, "Атамекен" палатасының "1432" байланыс орталығына хабарласуға болады.

Мешіттер қашан ашылады

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерді қайта ашуға қатысты мәлімдеме таратқан. Оған сәйкес, 17 тамыздан бастап діни нысандарды ашуға рұқсат болмаса да, мүфтият құзіретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашуға қатысты ұсынысты жолдады. "Діни басқарманың ұсынысы құпталуда. Яғни, мешіт сыйымдылығын 30 пайыздан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Алла қаласа, жуырда мешіттеріміз қайта ашылады деген үлкен үміт бар", - дейді мүфтият қызметкерлері.

Қатаң карантин қайта енгізіле ме

Қазақстанда карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету үшін нақты үш көрсеткіш бар. Біріншісі – репродуктивті көрсеткіш, яғни вирустың бір адамнан таралу деңгейі. Қатаң карантинге дейін осы көрсеткіш R-1,72 болған. Бүгінде ол 0,78-ге дейін түсіп отыр. Екінші көрсеткіш - бір аптада 100 мың адамға шаққанда вирус жұқтырған  науқастардың саны. Оған сәйкес, соңғы бір аптаның ішінде 100 мың адамға шаққанда 80 науқас тіркелуі керек. Қатаң карантиннің нәтижесінде осы көрсеткіш 73,7 пациентке дейін төмендеді. Үшіншісі - науқастардың қайтыс болу көрсеткіші бар. Ол да азайған. Осының негізінде карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге шешім қабылданған болатын. Бас санитардың айтуынша, карантинді жеңілдетудің алғашқы кезеңінен өтпесек, қатаң карантинді енгізуге тура келеді. Ол егер халық, соның ішінде кәсіпкерлік нысандар және қарапайым халық денсаулығына дұрыс қарамай, негізгі санитарлық нормаларды сақтамаса, көрсеткіштердің бәрі қайтадан нашарлап кетеді деген қауіп бар екенін айтты. Сонда карантиндік шараларды күшейтуге тура келеді.