«Қазақ жастары...» деп басталатын тақырыптың бойына бойлай кетсек, тек жалқау, оқымаған әрі тоқымаған бір тобыр өсіп келе жатқандай болады. Оқып отырып сенім артпақ түгілі, түңілесің. Толған негатив. Қоғам болған соң ішінде жақсы мен жаманы, білімді мен наданы қатар жүретіні анық. АҚШ не Жапонияның жастары шетінен ақылды, шетінен мәдениетті секілді көрінеді. Мұның өзін арыға зерттеп барсаң, олай емес екенін көресің. Дәл сол секілді қазақ қоғамында да үлкен нәтижеге жеткен, өзінің тұлғалық қабілетін, болмысын қалыптастырған жастар да бар. Тек біз олар туралы айтпаймыз. Себебі бізге қазақты жамандағын тиімді секілді. Қит етсе «Абай айтқан сол баяғы қазақ қой..» деп қолды бір сілтейміз. Неге Абайдың өзін ұмытып кеттік? Неге оның шәкірттерін, соның жолында білімге ұмтылған Алаш арыстарын еске алмадық?
Қазақ жастарынан Илон Маск те, Марк Цукерберг те шығады. Толық мемлекет ретінде түрлі идеологияға ұрынған қазақ қоғамы сілкінбейді деп ойлайсыз ба? Жас біткеннің бәрі іске жарамсыз әлде жалқау деп есептейсіз бе? Олай емес. Қазақ «болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деп тегін айтпаса керек. Сол АҚШ, сол Жапон елінің жастарына жігер мен ынтаны беріп отырған мемлекеттің өзі ғой. Қолдап отырған да, әлемдік деңгейде көтерілуіне жағдай жасап отыр. Артында қандай мүдде болмасын, басты ұстанымдары ұлттың, елдің атын таныту, туын көкке көтеру емес пе?!
Әр қазақтың шаңырағында қалыптасқан түсінік бойынша, баланың ісі шала. Оған жауапкершілікті ерте бастан артуды, тұлға болып қалыптасуды үйретпейміз. Біздің түсінікте бала тек қолғанат. Оның бойындағы дарынның ұлтқа, елге керек екенін кеш түсініп жатамыз. Бізде ортақ баланс ұстау арқылы тәрбие беру енді көрініс бере бастады. Яғни, бала тәртіпке бағына жүріп, азаттық жолын таңдау. Кейде шамадан тыс еркіндік азғындыққа апарады. Ал қатты қысым, баланың дамуына кері әсерін тигізеді.
«Қазақ жастары...» деп басталатын сынға толы мақала ішінен салыстырмалы түрде АҚШ-та білім алып, өзекті тақырыптарда қалам тербеп жүрген журналист Жолдас Өрісбай, Америка биржасында күніне 300-700 доллар арасында табыс табатын Думан Ерқанат (22 жаста), Booking.com-да жұмыс істейтін қазақ жастары, Еуропаның бірнеше ірі компаниясында жүрген жастар туралы бірде-бір сөз кездестірмейміз. Тек жеке-дара мақала болмаса, неге қазақ жастарының әлемді өзгерте алатынына күмәнмен қарайтын болдық?!
Шетелде жүргендерді айтпаған күннің өзінде, елде IT саласында, кәсіп айналасында жүрген жастармен неге мақтанбаймыз? Жоғарыда атап өткен секілді, ішкі мүдделері ақша табу, отбасын асырау болса да, олардың істеп жатқан бір түйір еңбегі көк туыңды көкке желбіретсе несі жаман?!
Илон Масктың жобаларына, Цукербергтің әлеміне үңіліп отырған қазақ баласы сонша ынжық емес. Ол да армандай алады. Мақсат қоя біледі. Вайнерлер мен ауадан ақша табатындардың да дәуірі өтеді. Оларды тіпті ешкім еске де алмайтын болады. Кімді іздейміз? Кім бізге сол кезде шырақ жағып, кейінгі ұрпаққа жол көрсетеді? Анау әлемдік компанияларда білім алып жатқан, жұмыс істеп жүрген жастар жарқ етеді.
Жастарға сенім арта алмайтын, олардың ісінен тек шалалық іздейтін қоғамда кімнің өмір сүргісі келеді? Білімді жастардың сұқбаттарына зер салсақ, тілден, ақшадан қиналып, паспанасыз жүріп жақсы өмірге тек бірнеше айдан кейін жеткенін оқимыз. Жылы ұясын тастап, қиындықтарға қарамастан жетістікке жеткен қазақ жастары ақыма па ? Жеме-жеме келгенде берген жалақысын желкесінен шығарып, одан қалды жағымпаздыққа үйрететін жемқор қоғамда ақылды жастар тұрақтай ала ма, мәселе осында. Айналып келген кезде, жемқорлық тек елдің әлеуметтік жағдайына және экономикасына әсер етіп жатқан жоқ. Сонымен бірге ақылды, дарынды жастардың елден кетуіне де әсер етті.
Есті жастар, бастықтың көңілін тауып, жағымпаздыққа жаны үйір болған жастардың көлеңкесінде жүр. «Неге олар өздерін көрсетпейді?», «Неге олар билікке бармайды?» деген сұрақтың астына аламыз келіп. Олардан да заңды сұрақ туындайды: «Неге білімді жастар тек билікке бару керек?».
Өткенге оралса ауыз толтырып айтатын тарихы не мәдениеті жоқ секілді, «бізден шықпайды» дейтін түсінікті бұзатын уақыт келген секілді. Алаш арыстарының саясаттағы рөлінен бұрын, олардың ғылымға, ағартушылыққа тигізген пайдасын ойлар болсақ, қазір де жастардың арасынан олардың ізін жалғайтын ізбасарлары шығады. «Алаш» туралы айтыла қалса, тек саяси мүдде көздеп кететін қоғам, арыстардың білім мен ғылымға да сіңірген еңбектері бар екенін ұмытпаса игі.
Мағжан сенген жастар тақ қуып жүрген жоқ, табандылық танытып, талантын ұштап жүр!
Марғұлан АҚАН