ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 3 шілдесіндегі №44 «Қатаң карантиндік шараларын енгізу туралы» қаулысына сәйкес, тұрғындардың арасында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері «Құрбан айт» мерекесі кезінде шектеу шаралары бойынша қаулы шығарды. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оған сәйкес, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй иеліктерінде және медреселерде адамдар көп жиналатын ic-шаралар өткізуге тыйым салынады. Түркістан облысы аумағында рұқсат етілмеген орындарда мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде мал сатуға болмайды. Сондай-ақ, 31 шілде-2 тамыз аралығында Түркістан облысының орталық мешітімен белгіленген құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою орындарының жұмысы тоқтатылады.
Айта кетерлігі, құрбандық шалуға онлайн режимінде www.qurban2020.kz сайтына өтінім беру арқылы құрбандық шалуға болады. Ол тізім бойынша мұқтаж жандарға үлестірелетін болады. Мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді (құрбан болған жануарлардың еті) тасымалдау және сақтау кезінде санитарлық- эпидемиологиялық талаптар толық сақталады.