Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Беларусь сатьяграхасы: кім жеңеді ?

Беларусь сатьяграхасы: кім жеңеді ?

Беларусь сатьяграхасы: кім жеңеді ?
ашық дереккөзі
Беларусь халқы екі күндік қарқынды қарсылықтан кейін, қарсыласудың жаңа әдісіне көшті. Ел тұрғындары жаппай жұмысқа шығудан бас тартып, бейбіт түрде наразылықтарын білдіруде. Наразылықты «Жабинков қант зауыты» бастады. Зауыт жұмысшылары жұмыстарын тоқтатып, саяси талаптар қойған. Олардың ішінде сайлауды қайта өткізу, Тихановскаяны президент деп табу, елдегі жалған ақпараттарды азайту мақсатында интернет байланысын қалпына келтіру, саяси реформаларды бастау, Лукашенконың тақтан кетуі, ұсталған белсенділер мен саяси тұтқындарды дереу арада босату талаптары бар. Артынша наразылыққа «Минск маргарин зауыты» қосылған. Сонымен қатар «Гродно Азот» өнеркәсіп ошағы, әйгілі «БелАЗ», «Интеграл», «Белэнергосетьпрокт» және Белоруссияның жаңа материалдар химия институты мен өзге де кәсіпорын жұмысшылары наразылық акциясын қолдап, жұмысты тоқтатты. Қазіргі таңда жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында келіссөздер жүріп жатыр, алайда әлі наразылық көрсеткен кәсіпорындар жұмысын жандандырмады. Ел астанасы Минск қаласынан бөлек өзге де қалалар күш көрсетпей қарсыласу әдісіне көшуде. Бірнеше қалада қоғамдық көліктер жартылай тоқтатылды. Көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартқан. Демократиялық құндылықтар қоғамға сіңіскен Еуропалық елдерде бұл әдіс жиі қолданылады. Жұмысшылардың әуежай, метро немесе белгілі бір кәсіпорын жұмысын тоқтату арқылы саяси-экономикалық талаптары орындалатын жайттар аз емес. Дегенмен Еуропадағы соңғы диктаторлық билік саналатын Белоруссияда аталмыш әдістің қандай нәтиже беретіні белгісіз. Ел басшысы Лукашенко әлі наразылықтың бұл әдісіне қатысты пікір білдірмеді. Асхат ҚАСЕНҒАЛИ