Түркістан облысының әкімі Шорнақ ауылында құрылған жедел штаб отырысына қатысты. Өңір басшысы оқиға болған сәтте шұғыл әрекет етіп, ел тыныштығын сақтауда жүйелі жұмыс жасаған штаб жұмысына алғыс айтты. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиыннан соң ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді.
«Шорнақ - мыңжылдық тарихы бар мекен. Кеше орын алған жағдай бүкіл елге тарап, ыңғайсыз жағдай орын алды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл үшін бұл ұят нарсе. Әрине, әлеуметтік желінің дамыған сәтінде бұл жағдайды бұрмалайтын арандатушылардың болары анық. Тек солардың сөзіне еріп кетпеу керек. Ел арасына дау, ірткі салған адамдарға қатаң жаза қолданылады. Ал, сіздер жастар мен аға буынды сабырға шақырып бірліктеріңізді нығайта түсіңіздер» деген өңір басшысы мұндағы әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерге баса назар аударылатынын жеткізді.
Облыс әкімінің сөзін құптаған ауыл ақсақалдары «Шорнақ ауылы осы уақытқа дейін, дау шығарған ауыл емес еді. Кешегі оқиға барлығымызды есеңгіретті. Себебі, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көп тарады. Осындай жағдайдың орын алуына себеп болған жастар үшін барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Біз - қазақ, өзбек ағайын халықпыз. Тіліміз, дініміз бір елміз» деді.
Сондай-ақ Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы сөз алып, ауыл тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырды.
Атап өтейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шорнақтағы жағдай бойынша облыс басшылығы және құқық қорғау органдарымен жиын өткізіп, Өмірзақ Шөкеевтің Шорнақтағы бұзақылықты дер кезінде тыйған тыңғылықты жұмысы үшін жоғары баға берді.
20 шілде күні орын алған оқиғаның қазіргі таңда жай-жапсары анықталып, тұрғындар қазіргі таңда үйреншікті өмірге қайтып оралды.