Түркістан облысында дәрі-дәрмек қажеттілігіне байланысты арнайы "Дәріхана" бағдарламасы іске қосылған болатын. Бүгінде мобильдік қосымшаны облыс тұрғындары тиімді пайдалана бастады. Мәселен, қосымшаға 35 мыңға жуық азамат тіркеліп, өзіне қажетті дәрі-дәрмектерді оңай табуға мүмкіндік алған. Айталық, шілде айының 14-23 күндері аралығында қосымшадан тұрғындардың 187 311 рет дәрі-дәрмек іздегені белгілі болды. Сондай-ақ, қосымшада кейбір медициналық препараттарға сұраныс артып, халықтан мыңнан астам өтініш келіп түскен. Жалпы облыс көлемінде бағдарламаға 7 дәріхана іздеу жүйесіне қосылса, 531 дәріхананың тізімдері мен мекен-жайлары енгізіліген. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, бұдан былай түркістандықтар дәріхананың мекен-жайын, байланыс нөмірін және іздеген дәрісінің бары-жоғын қосымша арқылы біле алады. Қажетті дәрі-дәрмекке анкета толтыру арқылы сұраныс жасап, ал ондағы азамат жайлы мәлімет 48 сағатта жойылатын жүйе де қарастырылған. Осылайша кез-келген азаматтың өзіне қажетті дәріні оңай табуға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, дәрі бағасының негізсіз көтерілуі сынды жағдайлар орын алған болса да, "Шағымдану" бөлімі арқылы шағым жасауға мүмкіндігіңіз бар.