Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралады. Құрылыс басында карантин талаптары қатаң сақталған. Кей нысандарда жұмыс үш ауысымға көшкен. Басым бөлігінде құрылысы аяқталған нысандардың айналасын абаттандыруға күш салуда. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс басшысы биыл қолданысқа берілетін басқармалар үйі, Конгресс - холл, жаңа мешіт, дендробақ, желілік саябақ, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Ұлы дала елі, Қолөнершілер орталығы, Тұңғыш Президент саябағы мен Қожа Ахмет Ясауи мұражайы нысанының құрылысында болып, жұмысшылармен кездесті. Жұмыс кестеге сәйкес жүруде. Жауаптылар аймақ басшысынан нақты тапсырмалар алды.
Түркістан қаласындағы орташа жол жөндеу жұмыстары да тынымсыз жүріп жатыр. Биылғы жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында инфрақұрылымы толық аяқталған 111,13 шақырым құрайтын 81 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көшелерде сарқынды су жүйесіне арналған футляр орнату, жол негізін даярлау, аяқ жолдардың жиектастарын орнату жұмыстары қоса жүргізілуде.
Қала орталығындағы Бекзат Саттарханов даңғылы бойында орналасқан «Керуен сарайы» кешенінің тұсында айналма жолдың құрылысы да аяқталуға жақын. Жол төселіп, веложолдың және тротуар орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қаланың орталық көшелеріне 30 аялдама орнатылады. Бүгінде жеңіл конструкциялы заманауи 9 аялдама қаланың басты көшелеріне қойылды.