Сыбайлас жемқорлық - ел экономикасының тұралауына және бәсекелестік қабілетінің бәсеңдеуіне алып келетін қауіпті әлеуметтік індет. Көлеңкелі қылмыстың кең етек жаюы - ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп қана қоймай, әл әлеуетінің ақсауына алып келеді.
Сол үшін де, сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес жүргізу және оған қарсы берік иммунитетті қалыптастыру - мемлекет саясатының күн тәртібіндегі негізгі мәселелерінің бірі болып отыр.
Осы орайда, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық деңгейін төмендетудің тың тәжірибелерін қолданысқа енгізіп, алдын алу бағытын күшейтуге, адалдық идеялогиясын ілгерілетуге, жалпыұлттық парасаттылық пен сындарлы серіктестіктің қарқын алуына және бұлтартпас жазаны қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріп келеді.
Атап айтсақ, Агенттік ағымдағы жылдың 15 шілдесі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық жаңашылдықтарға жарқын бастамалар жасап, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі.
Онда ҚР-ның кейбір заңнамалық актілерін түзету бойынша ұсыныстар берілген. Ұсынылған түзетулер үш блоктан тұрады, соның ішінде -
Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған алғашқы блоктың қоғам алдындағы маңыздылығы жоғары.
Онда қатаң жауапкершілік пен қатал жазалау жүйесін енгізу судьялар мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін ұсынылып, жемқорлық жағдайын модельдеу арқылы парасаттылықты тексеру институты (Integrity Check) - құқық қорғаушылар арасындағы қоғам індетінің алдын алуда тиімді тетік көзі ретінде көрсетілген.
Бұл жағдай да, тексерілуші ұсынылған пайданы өз тарапына қабылдаған жағдай да, үш жыл көлемінде мемлекеттік қызметке оралу құқығынан айырылып, теріс себептер бойынша жұмыстан босатылатын болады.
Одан бөлек, жемқорлық үшін жауапкершілік жүгін арттырудың тағы бір тәсілі ретінде - аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін еселі айыппұл қолдануды болдырмау жолдары ұсынылып, бұл өзгеріс жемқорлық құқықбұзушылықтар үшін аса қатаң жазалаудың пәрменділігін арттыруға негіз болатындығы назарға алынған.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті өзге де адамдар, олардың жақындары мен кәмелет жасқа толмаған балалары үшін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң шектеу енгізу, яғни шетелдік банкттерде шот ашуға және иелік етуге тыйым салу қажеттігі де баса айтып көрсетілген.
Сондай-ақ, ұсынылған түзетулердің екінші блогы - ұлттық заңнаманы
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттармен, соның ішінде ЭЫДҰ мен Грекияның озық тәжірибесімен үйлестіруге бағытталып, бұл ұсыным алдағы уақытта парақорлықтың жолын кесуге және оның алдын-алуға ықпал ететін болады деп көзделуде.
Бұдан бөлек, Агенттік "сыбайлас жемқорлық" терминін еліміздегі тек мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшыларына ғана емес, жеке секторларға да тең дәрежеде қолдану қажеттігін, соның нәтижесінде жемқорлық тәуекелдері жиі ұшырасатын жеке секторлардың қызметкерлері де жауапкершілікке теңдей тартыла алатындығын ұсынды.
Ал, өзгерістер мен толықтырулар енгізудің соңғы 3-блогы -
қоғамдық бақылауды күшейтуге және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталып отыр. Бүгінгі күні Агенттік жанынан құрылған "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі, Арнайы мониторингтік және ақпараттық-ағартушылық топ мүшелері тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ілгерілетуде және азаматтарға қолайлы жағдай жасауда, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруда айрықша қызмет етуде. Осы орайда, қоғамдық бақылаудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық белсенділікті арттыруға сеп болған аталмыш институттарды құқықтық реттеу тәртібі ұсынылды.
Бұған қоса, әлемнің үздік тәжірибелерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарды кешенді қорғау ісі мемлекеттің тікелей құзыреттілігіне енсе ғана жең ұшынан жалғасқан жемқорлық туралы хабардар ететін халықтың үлесі мол болатындығы заң жобасында әзірленген тұжырымдамада кеңірек атап өтілді.
Бұл тұжырымдамен Ашық нормативтік құқықтық актілердің электронды-порталына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=4283406 және Агенттік сайтына https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption/documents/details/47919?lang=kk кіру арқылы жіті танысып шығуға және ұсыныс-пікірлерді білдіруге болады.
Қорыта айтқанда, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынылған түзетулер мен толықтырулар еліміздегі әлеуметтік індеттің алдын алуға және оның жолын кесуге айтарлықтай мүмкіндік беретінін айрықша атап өткім келеді. Заңнамалық жаңашылдықтардың жүзеге асуы - алдағы уақытта мемлекетімізде сыбайлас жемқорлықтан азат адал қоғам қалыптастыруға сеп болмақ.
Мирас ҚАРҒАБАЙ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары