Түркістан облысында пневмония дертін 5421 адам жұқтырып, 2933-і жазылып шыққан. Ал, бүгінгі жағдай бойынша короновирус инфекциясымен 28 жағдай тіркеліп, бір күндік өсім 1,4 пайызды құраған, - деп хабарлайды
NewsRoom+ Ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясын 2 079 адам жұқтырған. 1 911 адам стационарлық бақылауға алынып, 196 адам инфекциялық стационарда емделуде. Сондай-ақ, 1 715 адам (7 бала) провизорлық стационарға жатқызылған.
Ал, ЖРВИ-мен 7 749 адам тіркелсе, оның ішінде 387 адам стационарлық ем қабылдауда. 336 науқас (87%) емделіп шыққан. Осы мәселелерге бас назар аудару керектігіне тоқталған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы облыс бойынша 16 аудан, қалада 187 медициналық мобильді топтар жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Мобильді топтар күндіз-түні жұмыс істеуі тиіс. Осы мақсатта оларды аудан әкімшіліктері көлікпен қамтамасыз етуде. Бұл топтар науқастарды ерте анықтап, ерте ем тағайындайды немесе ауруханаға жататын науқас болса тез арада жолдама береді.
Сонымен қатар, барлық аудандарда карантиндік режимнің сақталуы мен сақтық шараларын түсіндіру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Дегенмен, облыс бойынша төтенше жағдай режимін бұзып, отбасылық жиын өткізудің 1 039 жағдайы анықталған. Оның 320-не айыппұл салынса, 96 азамат қамауға алынған», - деді Өмірзақ Шөкеев.