Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кеше еліміздің барлық ұстаздарына жеке-жеке алғыс хат жолдады. Әлеуметтік желілерде қызу талқыланған бұл ақпарат, осы жолы қуанышты пікірлерге толы болды,деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі.
Бұл лауазымға тағайындалғанына көп болмаса да, он жыл бойы мадақталмаған ұстаз мәртебесін бір жыл ішінде көтерді.
Қашықтан оқыту жүйесі басталғалы бері барлық ата-аналар мен оқушылар мұғалімдеріне алғыс айтып, тезірек мектептің ашылуын тілеген еді. "Қиын кезең" болмаған кездің өзінде, әр үйдің ерке баласын оқыту үлкен қажырлықты талап етеді. Ал қашықтан оқыту мүлде қиын дүние. Ұстаздар бұл жолы да сабырлық танытып, ерлік көрсетуде.
Ұғымы биік ұстаз ұлылығын ұдайы айту ұят емес.
Аймағамбетовтен хат алған оқытушылар оң пікірлерімен бөлісіп, министрдің өзіне жеке хатты қалай жолдауға болатындығын сұрап әлек.
Newsroom+Ақпарат агенттігі еліміздің әр өңірінен жазған ұстаздардың ең ұтымды, ұнамды пікірлерін ұсынады:
Әйгерім Тоқтаржан:
"Ықыласпен құрметтейтін атыңды,
Қуанғаным алған сәтте хатыңды.
Мұғалімдік күш-жігерді аямай,
Білімге арнай, Алла берген әр күнді".
Айымгүл Абдикерова:
"Құранда: "Қарапайымдылықтың өзі имандылық" деген. Қарапайым қалпыңызда қалыңыз".
Бекетова Шынар:
"Елдің айнасы білім мен ғылымда десек осынау алып кемені сусыз, нусыз жерден сүйреп теңіз деген айдынға апарып жатырсыз. Ұстаздың еңсесін көтердіңіз. Сізге де үлкен рақмет! Отбасыңызға амандық тілеймін!"
Баданова Назира:
"Мәртебемізді биік етер, мардымды, көңілге қонымды, жігер беретін жылы сөздеріңізді оқыған әр мұғалім жаңа оқу жылын жаңа бастамамен бастайды деген үміттемін. Аман жүріңіз!"
Құралай Бауыржан:
"Хат келді, біз барымызды саламыз!"
Мүмбекова Анар:
"Бізде тарихта болмаған мұндай нәрсе. Жарайсыз. Өмір жасыңыз ұзақ болсын. Нағыз министр деп осындай адамдарды айтады".
Ханшайым Рақымбай:
"Құрметті ұстаздар қауымы, министрдің сенімін ақтап, беделін арттыру біздің қолымызда".
Тұрарбек Асылбеков:
"Қазақ елінде жалғыз министр халықпен жұмыс істейді. Қалғандары хат жазбақ түгілі, эфирге де шықпайды. Аты-жөндерін білмейміз".
Толассыз келген пікірлер бітер емес. Алға қойған мақсаттары бір мұғалімдер министрді шынайы мақтап, жылы лебіздерін білдірді.
"Мектеп басшысынан ала алмаған алғысты Аймағамбетовтың өзінен алдық" деп пікір қалдырғандар да болды.
Біз де өз ұжымымыздың атынан ұстаздарға жаңа оқу жылына қажымас қайрат тілейміз!