Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Халифаттың құлауы: көшпенділер соңғы халифты қалай өлтірді?

Халифаттың құлауы: көшпенділер соңғы халифты қалай өлтірді?

Халифаттың құлауы: көшпенділер соңғы халифты қалай өлтірді?
ашық дереккөзі
 width= 1251 жылы Ұлы Хан Мөңке атасы Шыңғыстың жаулап алу саясатын ары жалғастыруды ойластырды. Осы мақсатта Шығыс Еуропа мен Ресей жері, Қытайды толық жаулау және Таяу Шығысты бағындыру экспедицияларын нақтылады. Таяу Шығысты жаулап алуға, парсы, Сирия мен Аббасидтік халифатты және мәмлүктер билік еткен Мысырды қол астына өткізу мақсатында оның інісі Хулагу хан жорыққа шықты. Ол Парсы және Сирия жеріндегі мемлекеттерді талқандап, 1258 жылы Аббасидтік халифаттың шекарасына жетті. Халифат астанасы болған Бағдат қаласына келген Хулагу халиф Әл-Мұстасимнен өз еркімен берілуді талап етіп, арнайы өкіл жіберді. Алайда жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінбеген халиф ол ұсыныстан бас тартты. Бұл халифтың ең қате шешімі болатын. Қаңтардың ортасында Хулагу әскері қаланы қоршауға алып, атқылай бастады. Бастапқы күндері шабуылды сәтті тойтарған халифат сарбаздары, ақпан айының басында жеңіліс тапты. Қала қабырғасын бұзып кірген көшпенділер әскері қаланы талан-таражға салды. Тіпті тарихи деректерде Хулагу қаланы бір апта тонауға мүмкіндік берген деседі. Үйлер қиратылып, кітапханалар өртелді. Ал қаланың жанындағы Тигр өзені өліктерге толып қалды. Тарихшылар нақты қанша адамның көз жұмғанын дөп басып айта алмайды. Қаза тапқан тұрғындар саны 200 мыңнан бастап 1 млн адамға дейін жеткен деседі. Халиф Әл-Мұстасимнің өмірі қайғылы аяқталды. Тарихшылар ең соңғы халифтың қалай өлгені жайлы түрлі деректерді алға тартады. Бір дерек бойынша 1258 жылдың 20 ақпанында халифтың басы алынған дейді. Ал тағы бір деректе оның қанын төкпеу үшін, киізге орап, ат тұяғына таптатып өлтірген делінеді. Көптеген тарихшылар бұл екі дерекке де келіспей, Хулагудың бұйрығы бойынша халифты өзінің алтын мен күмісі сақталған қазына толы бөлмеге қамап, аштан өлтірген дегенге сенеді. Осылайша көшпенділер әскері әлемдегі ең қуатты империяның бірі болған Аббасид халифатын құлатып, халифты өлтіру арқылы «Исламның алтын дәуірі» деп аталған кезеңді қанды нүктемен аяқтайды.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ