Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Абай күнін қастерлі күнге айналдыруымыз керек

Абай күнін қастерлі күнге айналдыруымыз керек

Абай күнін қастерлі күнге айналдыруымыз керек
ашық дереккөзі
 width= Еліміздің тарихында, анығында, әлемдік тәжірибеде кездесе бермейтін ұлағатты оқиғаның куәсі болудамыз. Ол – Абай күні мемлекеттік мерекесінің бекітілуі. Иә, адамзат шежіресінде Жаратушының айрықша ықыласымен кемеңгер, көсем адамдардың мың жылда бір туатындығын ойласақ, Абайдай данагөйдің дүниеге келуі қазақ халқының маңдайына бұйырған қайталанбас бағы дегеніміз абзал. Жазба Abai.kz сайтынан алынды. Абайдың өмірге келген уақыты біздің халқымыздың ұзақ ғұмырындағы ең бір күрделі, қым-қиғаш, болашағы беймәлім тағдыркешті кезең болғаны белгілі. Елдің Ресей патшалығының бодандығына кіргендігіне жүз жылдан асқан бейбағдар мерзім тұғын. Яғни, ұлысымыздың ерте замандардағы ерлікке толы дәурені бастан көшіп, ендігі бөтен жұртқа кіріптар, бодан болғандықтан, дербес мемлекетке тән ауқымды, күретамырлы жауапкершіліктің: ішкі билік құрылымдарын түзу, шаруашылықты жүргізу, әлеуметтік, құқықтық жүйені сақтау, айналадағы көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас жүргізу, шекараны қорғау, аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, т.б. барлығынан тегіс ажыраған, мұндай стратегиялық кешенді міндеттер толығымен империяның құзырына өткен кезең еді. Қатаңдау нысанда бейнелеп айтқанда, ол кездегі жұртшылық сырты қоршалған қорықта жүрген жануарлар әспетінде деуге келгендей. Демек, мемлекеттілікті қамтамасыз ету жауапкершілігінен біржола босатылғандықтан, адамдардың тыныс-тіршілігі, жеке һәм қоғамдық өмірі, сәйкесінше мінез-құлығы, ойлау жүйесі, жалпы болмысы барынша төмендеп, ұсақталып, ары кеткенде төңіректегі күйбең тірліктің, қыстау-жайлауға талас, барымтаның деңгейіне түскен сұрықсыз тұсы. Осындай қара түнек заманда «қалың елі, қазағы, қайран жұртын» қапастан құтқаруды бастаудың ұлы миссиясын атқару үшін Абай дүниеге келді. Осылайша кемеңгердің барша саналы ғұмыры мен еңбегі туған халқын қайта жаңғыртуға, алға жетелеуге, барынша тереңдей түскен тоқыраудың шыңырауына батып жоғалуынан құтқаруға бағытталды. Мұндайда айтылатын сөздің «қайнайды қаның ашиды жаның, мінездерін көргенде, жігерлен сілкін, қайраттан беркін... болмасын кекшіл, болсайшы көпшіл, жан аямай кәсіп қыл...» дегізіп, барынша өткір, ащы шығуы әбден түсінікті. «Бақсының моласындай жалғыз қалған» ақын ойының, айтқанының өз заманында, өз ортасында қаншалықты ұғылып қабылданғандығы мүлде бөлек баян дей тұра, ақиқаты, мінеки, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан халқы үшін ғұламаның әрбір сөзінің өзектілігі күн сайын артып отырғандығында. Ел болуды, толық адам болуды, қара басыңа емес, қалың жұртыңа, тіпті барша адамзат игілігіне пайдаңды тигізіп өмір сүруге үндейтін, анығында үйрететін - Абай мұрасы. Расында, егемендігін алғанына елеулі мерзім өткенімен қазіргі қоғамның тіпті осынау тәжтажалдан да мың есе қатерлі асқынған індетіне айналған жаппай жемқорлықтың да түп себебі – елдіктің, мемлекеттіліктің мәнін сезіне алмаушылықта. Осы жер, мына тәуелсіз ел, оның қазына байлығы пенденің жеке басының ғана емес, ертеңгі жетпіс жеті ұрпағына дейін тозбай, тоналмай, берекесі қашпай жетуі тиіс қастерлі ұғым екендігіне түйсігі жетпеуінде. Мұның да тамыры ұлттың ой-санасын, болмысын әбден әлсіретіп тоздырған отарлық заман мен кеңестік жүйенің зымиян әрекетінде. Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы негізгі тұжырымдарының бірі: Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық, ендеше Абай жылы барысында бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдында есеп беруі қажет. Расында, біздер осы уақытқа дейін абыз өсиетіне қаншалық құлақ астық, қай тұрғыда орындадық, нені түсініп, нені түсінбедік, қай кемшілігімізді, мінімізді түзей алдық. Олай болса, Абай күні мемлекеттік мерекесі, әдеттегідей, қаржыны босқа шашатын жеңіл-желпі мағынасыз іс-шаралар шеңберінде емес, ұлт ұстазының алдында есеп беретін аса жауапты, қастерлі күнге айналуы лазым. Абай сөзін жұрт жаппай жаттай қоймайтыны, әсіресе оны түпнұсқада оқи алмайтын, қазақ тілінен ада қасіретті санаттағылардың ұғынуы неғайбыл. Ендеше бұл мақсата ынталандыру, тіпті өркениетті жолдармен мәжбүрлеу тәсілдерін қолдану тиімді. Оның бір жолы - барлық мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлердің жұмысқа орналасуда, қызметтік сатымен өсу барысында мерзім сайын тапсыратын сынақ кезіндегі сұралатын том-том заңдардың санын қысқартып, оның орнына кемеңгердің еңбектерін жатқа білу талабын енгізу. Абай сөзін игеріп, Абай мұрасын ұғынып, абыздың аманаттарын түбегейлі орындағанда ғана оңаларымыз күмәнсыз. Мынадай тажал індеттің үрейі сейілмей тұрған күрделі шақтың өзінде үміті ақ, тілегі таза, жаны жомарт жұртымыздың бірауыздан қолдауымен Абай күні мемлекеттік мәртебесі баршамыздың жүрегімізге ұялап, ендігі жаңа дәуірдің басы, толыққанды адам,  өркениетті қоғам, мәуелі мемлекетке айналуымыздың негізі болатындығы кәміл!

Мұхтар Кәрібай