Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық ұстаздардың жеке почтасына хат жолдады. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қымбатты әріптес!
Сіз осы қиын кезеңнен отбасыңызбен бірге аман-есен өтіп, денсаулығыңызға еш қауіп төнбейтін жағдайда жүрсіз деген үміттемін.
Сізге пандемия жағдайындағы баға жетпес ұстаздық еңбегіңіз үшін, жанкешті жұмысыңыз бен кез келген уақытта балаларымызға тіреу болуға деген ізгі ниетіңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.
Біз сізбен осынау қиын уақытты еңсеру жолындамыз. Коронавирус пандемиясы баршамыздың тұрмыс-тіршілігімізге әсер етті. Сүрінбей өтуге тиіс түрлі сынақтарға толы уақыт басталды",- делінген министрдің жолдаған хатында.
Елімізде болып жатқан дәл осы қиын кезеңде дәрігерлер мен мұғалімдердің атқарар қызметі орасан зор. Мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында бірнеше игі істерді бастаған
Асхат Аймағамбетовтың еңбегі еленіп жатыр.
Осыдан екі апта бұрын ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Цифрлық даму мен Білім министрлігінің шенеуніктеріне қатысты қылмыстық-іс қозғалғандығын
мәлімдеген еді. Алайда көпшілік Білім және ғылым министрі өзіне тиеслі жұмысты нақты атқарып жатқандығын айтып, елге тигізген игі істерін ескеруін сұрады. Әлеуметтік желілерде белгілі қоғам қайраткерлерінен бастап, қарапайым халыққа дейін Аймағамбетовтың мүддесін қорғады.
Ұстаздарға жолданған хат соңын министр былай аяқтады:
"Алғыс айтудың ешқашан артықшылығы болмайды. Сондықтан мен сізге төртінші тоқсанда атқарған ерен еңбегіңіз үшін тағы бір мәрте рақметімді айтқым келеді. Сіз – нағыз батырсыз. Сіздің қуатты қолдауыңызды сезініп отырмын. Сол себепті де ертең балаларымыздың білімін жетілдіру жолында еш кедергі болмайтынына сенемін.
Біз техникалық және моральдық қиындықтарға қарамастан барлық қолайсыздықтарды жеңе аламыз.
Бірге болсақ, күшіміз бен мүмкіндіктеріміз де арта түспек. Қиын кезеңдер өтеді де кетеді, сынаққа сынбай, болашағына сенген жігері мықты адамдар ғана бәрін жеңеді!
Жаңа оқу жылында жолыққанша!"