Әкем поэзияға жақын еді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен ерте сөнген Төлеген Айбергеновтың шығармаларын жатқа айтып отыратын. Бес-алты адам дастархан басына жинала қалса, өлеңдерін жырлай жөнелетін. Бойындағы қарапайымдылық, тектілігі, байқампаздық қырлары бір бөлек. Әлі есімде сұңғақ бойлы, жазық майдайлы, қыр мұрынды, алдыңғы шашын артқа лақтыра салатын әдетімен орнынан тұрып, жырларын арнайтын. Баламыз ба, кім білсін? Әкеміз өлең жолдары бастаса, сықылықтап күлкіге басатынбыз. Атақты ақындардың өлең жолдарын жырлап болған соң, өзінің біздерге, яғни ұл-қыздарына арнауымен жалғастыратын. Жиналған жұрт керемет деп қол соқса, біз күлкіге қарық болатынбыз. Осылайша әкемнің жүрегін жарып шыққан өлең жолдары, көзі қайтқан соң, мүлде жоғалды. Балалығымызбен мән бермеген біз, біреуіміз не жаттап, не жазып алмаппыз деп өкіндік. Иә, өмірдің қатал екенін сол кезде сезіндік.
Әкем отбасының тұңғышы болған. Артынан ерген іні, қарындастарына қамқор болып, алдыңғы арбаның дөңгелегі іспетті сүйреуге тура келген. Кеңестік заманда таныс, тамыр деген жоқ, әрбір сынақтан өз біліміңмен ғана жетістікке жетесің екені белгілі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған әкем, еліне қайтып, механик болып жұмысқа орналасыпты. Алғашқы кезде жұмыс тәжиребесінсіз, қай бастық орны босай қалсын?! Оны көрген анасы "бес жыл майшапан кию үшін оқытқан жоқпыз" деп отырады екен. Сондағы әжемнің баласына берген мотвациясы екен. Осылайша әкем бірте-бірте қызметте өсе бастапты. Отыз жасына дейін небір қызметтің тізгінін ұстап, сол кездегі қала әкімі қызметіне тағайындалыпты. Бертін келе, өзінің мамандығы бойынша су шаруашылығы, өзге елдегі төтенше және өкілетті өкілі секілді қызметтердің атқарған.
Әкемнің әркез қолдаушысы анам болды. Әкемнің көзі тірісінде өздері бір-бірінен алшақтап, араларын суытпады. Өйткені, жас кездерінде табыстырған махабаттары шынайы болды. Екеуі де махаббаттарына адалдығын сақтап қалды. Қазіргі жасқа жетіп аңғарғаным, менің әкем тек адалдықты ту етіп, ойын ашық айтып, қиналғандарға қол ұшын беруді өзінің азаматтық борышы санап ғұмыр кешіпті. Ол жаратушы ұлы күштің барына ерекше сенетін..
Әркімнің әкесі өзінше дара тұлға. Біздің есейгенімізді көрмеді. Сұм ажал арамыздан ерте алып кетті деген өкініш бар. Бір томдық шығармаларын қағаз бетіне түсіріп үлгермедім, сұрайтыным, үйренетін дүнием көп еді деген өкініш. Жұмысқа кеттім деп кеткен әкеміз қайта оралмады. Таңертең жұмысында кенеттен құлады дегенді есіткен анам мен ағам сол қалаға жол тартты. Қан қысымы көтеріліп кеткендіктен бірден жансақтау бөліміне жеткізілген. Бір апта ес түссіз жатқан екен. Шамасы, оны емдеп жазу мүмкін емес деген қорытындыға келген болулары керек. Сондықтанда әкем өлерінде былай деп айтып еді дей алмаймын. Жұмысқа кеткен әкемізді он күннен соң, өлі денесін зембілмен қайтып әкелді. Сол көрініс менің есімде мәңгі жатталып қалыпты. Сол кезде қайғылы сәтті бастан өткіздік. Күздің ең суық күні сияқты. Бәрі-бәрі есімде. Табиғат-ананың өзі қимас ұлын соңғы сапарға шығарып салғандай...
Әкемнің әлгі өлең шумақтарын араға жеті жыл салып, тауып алдық. Оны қағазға қарап оқығанын көрген қарындасы сұрап алған екен. Өмірден өзі өтсе де, артында қалған ұрпағына тілегі, құнды жәдігердей қағаз бетінде қалдырған екен...
Ұл-қыздарыма
Ұл-қыздарым-жанып тұрған шырағым,
Сен бесеуің -ағып тұрған бұлағым.
Бақытты боп сендер өмір сүруге
Арналады күш-қуатым, шыдамым
1982 жыл, мамырдың соңғы күні,
Естілді біздің үйде сәби үні.
Әкемнің күткен тұңғыш немересі
Бақытжан келді өмірге осы күні.
1984-те, туылды Меруерт қызым,
Меруерттей жарқылдап жүр сенің өзің.
Біздерді қуанышқа бөлентіп еді,
Әжелеп былдырлаған тәтті сөзің.
Қоярға жер таппадық Ғалымжанды,
Туылғанда той басталды үйімізде.
Ат қойдық біз әйгілі ғалым бол деп,
Менделеев, Ньютон, Архимед сынды.
Нұрсұлтаным, Нұрсәулем егіз жүрек
Тәңірім қолдай жүр деп жүрмін тілеп,
Болашағың бәріңнің жарқын болып,
Болғайсыңдар өздерің асыл сүйек!
Төгейін жолдарыңа мен барымды,
Болыңдар адал, мол дарынды.
Сендерге тауып берем, не керегін?!
Аман-есен жүрсем мен алдарыңда,
Биікке ұшсын қанаттарың талмасын!
Әуендерің аспан көкті самғасын!
Өмір жолы, қызық және қиын жол,
Ата-аба әруақтары қолдасын!
Аспанда жарқыраған-жұлдызымсың,
Байлығым сендерсіңдер-құндызымсың.
Анаңмен тәрбиелеп, біз жеткізген,
Еркелетіп есейткен ұл қызымсың!
Жүрегімнің толқып шыққан әнісіңдер,
Бау-бақшамның гүлдері сәнісіңдер.
Осы менің кеудеме қуат берер
Өздерің бір жанымның тәнісіңдер.
Келер күн болсын бейбіт, ашық аспан,
Жаңа ғасыр тұр алда, есік ашқан.
Қуаныштан мен толқып, тербелер ем,
Жүрген жерде құрметтерің болса асқан!
Меруерт АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ