Ертіс өңірінің жастары Коряковка көлінің маңайын күл-қоқыстан тазартты. Тұздыкөл облыс орталығынан 18 шақырымда жатыр. Бұл көлдің түсі желдің бағытына орай құбылып тұрады. Әсіресе қызғылт түске боялған кейпін тамашалауға келетіндер өте көп. Көлдің суы таяз болғандықтан ол жерде ешкім шомылмайды. Соған қарамастан маңайы пластик құтылар мен басқа да тұрмыстық қалдыққа толып кеткен.
Бұл туралы
NewsRoom+ Ақпарат тілшісі
Хабар 24 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Осылай жалғаса берсе экологиялық апатқа ұшырауы әбден мүмкін. Волонтерлер мен «Жасыл Ел» жастардың еңбек жасағының мүшелері осылай деді. Олар «Taza Pavlodar» экологиялық акциясы шеңберінде Ертіс жағалауын, Усолка өзенінің бойын, Құсқонақ өткелін тазартумен айналысады. Кезек тарихы тереңде жатқан Коряковка көліне жетті. Бұл жерде шамамен екі ғасыр бұрын тұз өндірісі дамыған.
Өнімді тасымалдау үшін салынған көпірдің жұрнағы әлі күнге дейін сақталыпты. Ал геологиялық барлау жұмыстары тұздың мол қорын анықтады. Руслана Самекова, «Жасыл ел» қалалық штабының командирі: - Мен жерлестеріме, оның ішінде осынау ғажайып көлдің жанына келіп демалуды әдетке айналдырған қала тұрғындарына тазалық сақтаңыздар дегім келеді. Табиғаттың тамаша сыйын сақтап қалуға үлесімізді қосайық.
Оның жойылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Абай Уахит, облыстық «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтарының басшысы: - Карантинге байланысты мына туристік орталықтар барлығы жабық.
Бірақ осындай жерлер ашық болғаннан кейін көп кісілер келіп, өкінішке орай, осындай қоқыстарын тастап, енді біз тұрғындарды, қонақтарды барлығын қоқыстарды тастамай, артынан жинап, өзімен бірге алып кетіп, табиғатымызды аялап таза күйінде сақтауға шақырамыз.