Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленуіне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген
12 кітаптың тұсаукесері өтеді. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тұсаукесер барысында
«Абайдың ғұмырнамасы» (Е. Сыдықов, 1,2-кітап),
«Абай пәлсапасы» (Ғ.Есім),
«Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы» (С.Негимов),
«Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті... (Т. Жұртбай), «
Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект»,
«Абай және қазақ социумы» (4 том),
«Абайдың педагогикалық дүниетанымы» атты ұжымдық монографиялар мен
«Бес асыл іс». Балаларға арналған танымдық жинақ оқырман қауымға ұсынылады.
Абай академиясы» сериясымен жарық көрген Академик Е. Сыдықовтың 2 кітаптан тұратын
«Абайдың ғұмынамасы» еңбегінде архив қорларында сақталған Абай Құнанбайұлының ғұмырнамасына қатысты ақын замандастарының, ұрпақтарының ғылыми-танымдық естеліктері жарияланып отыр. Абай өмірбаяны замана тынысы, өскен ортасы, қоғамдық өмір аспектісінде қарастырылған. Абай Құнанбайұлының ғұмырбаянына қатысты зерттеуші ғалымдардың, абайтанушылардың ғылыми-танымдық еңбектері мен мақалалары жинақталған. Абай өмірбаяны замана тынысымен бірге, өскен ортасы, өмір сүрген уақыты аясында жан-жақты талданған.
Академик Ғ.Есімнің
«Абай пәлсапасы» еңбегіне хәкім Абайдың пәлсапалық ойын байыптаған пайымдаулар мен ғылыми сұхбаттар еніп отыр. Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші тарауда, Абай хәкімдігі қазіргі заман талғам-таразысы тұрғысынан қарастырылса, екінші тарауда ақынның қарасөзінің пәлсапалық негіздері талданып түсіндіріледі.
Филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимовтың
«Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы» еңбегінде қазақ жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл, хәкім, композитор, ұлт қайраткері Абайдың шығармашылық өнернамасы - көркемдік, пәлсапалық, ғылыми дүниетанымы тарихи-филологиялық тұрғыдан сараланып зерделенеді.
Абайтанушы ғалым Т.Жұртбайдың
«Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті» кітабында қазақтың кемеңгер ойшылы, ұлы суреткер Абай Құнанбайұлының дүниетанымы, көзқарастары, ұстанымдары менсуреткерлік болмысына байланысты мәселелер жаңа қырынан қарастырылып, тың тұжырымдар жасалады.
Еліміздегі жетекші алаштанушы ғалымдардың авторлығымен жарық көрген
«Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект» атты ұжымдық монографияда абайтанудың тарихи бастауында тұрған Алаш тұлғаларының мұрасы жаңаша пайымдалып, тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспектіде зерттелінген. Ұлы ақын және ұлт зиялылары арасындағы сабақтастық тәуелсіздік талаптары тұрғысынан зерделененеді. Еңбек Алаш байыптаған Абай тағылымын бүгінгі«Рухани жаңғыру» аясында кеңірек ұғуға және тереңірек саралауға мүмкіндік береді.
«Абайдың педагогикалық дүниетанымы» басылымында Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы педагогикалық, психологиялық, тәлім-тәрбиелік мәселелер талданып, зерттелінген. Дәйектеме ретінде кестелер, суреттер, матрицалар беріліп,, нұсқалы тұрғыда «Адам бол», «Толық адам бол», «Қалыпты адам бол», «Кемелді адам бол» тұжырымдары ұсынылған. Адамдық деңгейге дейінгі сатылар да сараланды. Абай еңбектеріндегі ақыл-парасат парадигмасы негізінде жаңа білім мен дүниетаным көзқарасының модельдері құрылды.
Балаларға арналған танымдық
«Бес асыл іс» жинағында Абай Құнанбайұлының жас ұрпаққа бағытталған өсиеті мен тәлімі қамтылған. Жинақта ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алған бес асыл іс туралы ойы талданып, балалар ұғымына сай түсіндірілген. Бес санының танымдық мәнінен бастау алған түсіндіру, талдау, кемеңгер тұлға туралы танымдық материалдар, баланың ақыл-ойын дамыту орайындағы тапсырмалар бір идеяға топтастырылған. Сондай-ақ кітаптың бер ерекшелігі –тақырып мазмұнын ашатын бейне және аудиоматериалдар QR код жүйесімен ұсынылған.
«Абай академиясы» сериясымен жарық көріп отырған
төрт томдық «Абай және қазақ социумы» ұжымдық монографиясына еліміздегі жетекші абайтанушылар мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғалымдарының Абай мұрасын замана кеңістігі мен мәдени-рухани дәстүр жалғастығы аясында зерделеген еңбектері енгізілді. кемеңгер ойшыл, философ ақын болмысы жаңа қырынан танылады және ұлттық әдеби дамудағы сабақтастық, тұлғалық қалыптасу мәселелері ғылыми танымдық тұрғыда пайымдалады. Тарихи-мәдени, саяси-әлеуметтік ахуал, қоршаған орта Абай дүниетанымында сәулеленіп, шығармашылығына арқау болғаны жүйелі, салмақты талдаулар арқылы тұжырымдалады.
Барлық кітаптар Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қаржыландыруымен жарық көруде.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған «Абай академиясында» Абай мұрасы мен шығармашылық өмірбаянына қатысты сан қырлы аспектідегі терең ізденістерге негізделген ғылыми санаттағы іргелі зерттеу еңбектер әзірлеу қолға алынуда. Институттың гуманитарлық ғылымдар арнасындағы ғылыми-ізденісті зерттеулеріне 100-ден астам отандық және университеттегі белгілі абайтанушы ғалымдар мен жас ізденушілер қатысуда.
Кешенді ізденістер нәтижесінде даярланған ғұмырнамалық зерттеулер, ақын шығармашылығы туралы монографиялар, ғылыми еңбектер, оқу-әдістемелік және жаңа технологиялық жетістіктерге негізделген танымдық құралдар «Абай академиясы» сериясымен зиялы қауымға, ғылыми ортаға, барлық деңгейлердегі білім алушылар мен көпшілік әлеуметке ұсыналады. Басты мақсаты – қоғамға әсіресе жастарға Абай мұрасын жан-жақты жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру және жаңа сипаттағы ғылыми зерттеулер арқылы жасампаз істерге негіз салу.
Жалпы алғанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты арнайы жобамен жиырмаға тарта ғылыми еңбектер жариялау жоспарланған. Міне, бүгін
«Абай академиясы» сериясының кезекті 12 басылымдары да шығарылып, көпшілік оқырманға жол тартпақ.