Жамбыл облысында болған жаға ұстатарлық жайт күллі Тараз жұртының төбе шашын тік тұрғызды. 10 жасар баланы қамқорына алған отбасы жеткіншекке бірнеше тәулік бойы тамақ бермей, бөлмесінде қамап ұстаған. Сөйтіп төрт қабырғада әбден зеріккен бала, амалсыздан терезеден секіріпті. Ауыр дене жарақатын алса да, ата-анасының қаһарынан қорқып, 12 сағат бойы көршісінің ауласында тығылып отырған екен. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиға тамыз айының бірінде болған. Данил есімді 10 жасар бала жоғалды деген ақпарды ести сала, қаратаулықтар жеткіншекті жұмыла іздей бастайды. Ауданның әр бұрышын жіті тексерген тұрғындар баланы тек 12 сағат өткен соң ғана көрші үйдің бақшасынан табады. Әбден қорқып қалған ол, үлкендерден тығылып отырыпты.
ТӨЛЕГЕН ӘЛІШЕРИЕВ, ҚАРАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Дүкенге келгенбіз немерем екеуміз, ойда ештеңе жоқ. Мына сатының түбінде бала отыр. Беті қан. Ей неге отырсың деген ем. "Я русский" деп жауап берді. Че сидишь деп ем, үндемеді».
Екінші қабаттан құлаған жеткіншектің сол жақ жамбасы мен білек сүйектері сынған екен. Бала ауруханаға ауыр халде жеткізілді.
АЗАТ САТЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
«Балаға бүгін ота жасалынды. Ота Аллаға шүкір сәтті өтті. Баланың қазіргі жағдайы орташа. Бала қазір травматология бөлімінде жатыр».
Әңгіменің әлқисасы сонау 2018 жылда жатыр. Данил мен оның екі әпкесін Валерий Рихтер есімді азамат асырап алады. Әу-баста көпке бақытты отбасы боп көрінгенімен, былықтың көкесі кейін шыға бастапты. Ағайынды балаларға жарытып ас бермей, бөлмелерінде қамап ұстаған дейді көршілері.
ГУЗИЛИЯ ҮСІПАЛИЕВА, ҚАРАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Ұрады, ұрсады, қамайды. Қамап қояды. Далаға шықпайды. Дауысы бізге естілмейді. Түнде. Ал күндіз терезелері ашық тұрған кезде естіледі. Бостандық керек қой балаға да. Емін еркі ойнап балалармен. кеше анау салып апара жатқан кезде көрдік қой. Арық екен».
Валерий Рихтер де бала тәрбиесіне қатал қарайтынын мойындап отыр. Бірақ, көршілерінің түймедейді түйедей қылдырып айтқандарын сол күйі түсінбей дал. Маған жабалып, жала жауып отыр дейді.
ВАЛЕРИЙ РИХТЕР, БАЛАНЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ:
«Данил үй алдында жүрген машиналарға қараймын деп, абайсызда терезеден құлап кетті. Кейін біз оған ұрысамыз ба деп қорқып, көршімнің бақшасына барып тығылып қалған екен. Желіде біз туралы небір әңгімелер тарап жатыр.Терезеден әдейі лақтырды, тамақ бермеді, ұрды деп айып тағып отыр. Бұған сенбеңіздер, мұның бәрі жалған. Балам сауығып кеткен соң, бізге жала жапқан адамдардың үстіне міндетті түрде арыз жазамын. Ал қазір бәрінен баламның денсаулығы маңызды»
Қоғамда резонанс туғызған мәселені естіген білім басқармасының өкілдері болса аң-таң. Сөздерінше, оларға бұл отбасыға қатысты осы күнге дейін бірде-бір шағым түспепті.
ТАЛҒАТ ЖАМАНҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
“Ұрыс-керіс тіркелмеген ешқандай. Мектепте де бұл балалардың ата-анасына қатысты ешқандай мәселе туындамаған. Қорғаншылық қызмет тарапынан да жылына екі рет тексеріс болып тұрады. мұнда да ешқандай мәселе туындамаған».
Қалай болғанда да, бұл мәселеге қатысты құзырлы органдар тексеріс бастапты. Енді тергеу амалдары аяқталғанша Данил мен оның екі әпкесі де арнайы мамандардың бақылауында болмақ. Ал бүлдіршіндердің қамқоршыларына оралатыны я оралмайтыны алдағы уақытта тек сот қана шешеді.