Билік, бәйбіше және байлық

Билік, бәйбіше және байлық

ашық дереккөзі

Кеше-бүгіндері көңіл жықпас, бір бауыр Саакашвилидің «Пробуждение силы. Уроки Грузии – для будущего Украины» атты еңбегінің сыртқы мұқабасын әлеуметтік желіде жіберіпті. Қызығушылықпен интернет беттерінен аталмыш еңбекті тартып алдық. Тақырыбы айқайлап тұрған соң, оқуға шындап ниет еттік. Кітапты бастамас бұрын Грузияны 19 жыл басқарған Василий Мжванадзе туралы деректі фильмді көзіміз шалып қалды. Ресейлік әріптестер түсірген туынды бірден еліктіріп әкетті. Оқиға желісі В.Мжванадзенің өзінен 20 жас кіші әйелі Викторияның бриллиантқа құмарлығынан құрылған екен, тапжылмай көріп шықтым. Украинада қарапайым әскери қызметкер болып жүрген Мжванадзені Хрущев байқап, жауапты қызметті сеніп тапсырады. Дәл осы кезден бастап, оның әйелінің ақша мен әшекейге деген тәбеті оянып, бүкіл Грузияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Кей тарихшылар «Виктория дәуірі» деп те атап жіберді. Тіпті, Лондоннан қайтар жолда Тбилисге аялдаған атақты Шах Пехлевидің жұбайы – Викторияның бриллиантарын көріп, еліне жылап қайтқан ғой, онымен қоймай, бұл туралы сұхбат та берген екен. Дәл осы сәтте комсомолдан карьера жасаған Шевернадзе В.Мжванадзеге тікелей қарыздар еді. Бүкіл партиялық қызметке салып, әбден ысылдырған өз ұстазын түбінде Кремльге ұстап береді ғой, оқиғаның қысқасы. Әрине, саяси компроматты Виктория арқылы табады. Оның бриллиантары мен ақшалары себепкер болады. Қойшы не керек, ақыры Мжванадзе Суслов арқылы жол тауып, Мәскеуге кетеді де, өзі тәрбиелеген партократтан құтылады, ол болса, елдегі билікті өз қолына түбегейлі алады. P.S. Оқиға қалай бітті дерсіз. Шевернадзе ілгері өрлеп, КСРО сыртқы істер министрлігін басқарады, ОК мүшесі болады да, Киевте оқып келген Михайлға көзі түседі оны көтереді. Ақырында шет елдерде білім жетілдіріп қайтқан, тәлімгері тура өзін жемқорлық деген желеумен орнынан құлатады. Сөйтіп, оның орнына өзі отырады. Түбінде ол орын оған да баянды болмайды, елдегі оппозициялық қысымның коррупция деген айыптауымен елден кетуге мәжбүр болады. Саясат қандай қызық сабақ. Әрине, оған тарих пен журналистиканың миксын қоссаң, бір емес, бірнеше кітапқа жүк болатын дүние шығады. Бірақ барлық жерде адами фактор деген бірінші орынға шығатын секілді... Уәли ЖҰМА

Жүктелуде...