Түркістан облысында жыл басынан бері су айдындарындағы арнайы белгіленбеген орындарға шомылған 563 азаматқа ескерту жасалып, 11 азаматқа 236 130 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысының төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметіне Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Үлкендердің қарауынсыз суға түскен жүздеген бала анықталып ата-аналарына табысталды. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері 3 адамды судан құтқарып, ажалдан арашалап қалды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, жабайы шомылу орындарына департамент мамандарымен полиция қызметкерлері бірлесіп рейдттік шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Соған қарамастан әлі де рұқсат етілмеген су айдындарында шомылатындар азаймай отыр.
«Қазіргі таңда қауіпсіздік ережелерін сақтамай арнайы белгіленбеген орындарға шомылатындардың ісі айтарлықтай мәселеге айналып отыр. Мәселен, жыл басынан бері су айдындарында 22 адам суға кетіп қаза тапса, оның 13-і жасөспірімдер. Өлімге негізінен шомылу кезінде өз күштерін дұрыс бағаламау, үлкендердің қарауынсыз қалуынан суға бату, мас күйінде суға түсу, жүзе алмау сияқты жағдайлар себеп болып отыр», – деді Ерік Темірханұлы. Осындай қайғылы жағдайларды болдырмау, азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департаменттің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерімен үгіт насижат жұмыстары кең көлемде жүргізіп келеді.
Атап айтқанда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мыңнан астам мақала жарияланып, 31 брифинг 12 акция өткізілген және 41 мыңнан астам үгіт-насихат материалдары таратылған. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 691 шомылуға тыйым салатын ескерту белгілері орнатылған.
Сондай-ақ, департамент бастығының орынбасары қауіпсіздік шараларының сақталмауынан өрт оқиғасының да жиілегенін жеткізді. Мәселен, өткен аптаның өзінде тілсіз жауға қатысты 92 шақырту келіп түскен. Қызыл жалыннан келген шығынның жалпы соммасы 5 млн. теңгеге жеткен.