Бірінен соң бірі жалғасқан карантиннен соң коронавирус жұқтырғандар саны азайып, ауруханалардағы орын тапшылығы жойыла бастаған. Бүгін денсаулық сақтау министрі осындай мәлімдеме жасады.
Бірақ, жаман айтпай жақсы жоқ, алдағы күзде ауру тағы асқынса, бұған Үкімет дайын ба? Аталған министрлік уәде еткен 1,2 миллион тест неге сатып алынбаған? Қыркүйекте тұрғындар тағы дәрі іздеп, емхана жағалап кетпей ме? Кезекті толқынға қатысты Алексей Цой қандай болжам айтты? Бұл туралы
Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
"Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру. Үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Онсыз пандемияға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес".
Президенттің бүгін берген пәрмені осы. Карантин режимін қатаң сақтау бақылануы тиіс. Онысы орындалса, қазіргі бойға үрей ұялатар сандарды азайтуға мүмкіндік тумақ.
"Жаман айтпай жақсы жоқ" демекші, журналистер бүгін денсаулық сақтау министрінен күзде шамамен қанша отандасымыз дертке душар болатынын болжап отырсыздар деп сұрап еді.
АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
" Құр бос болжам айту қателік болады деп санаймын. Күзгі, қысқы маусым қауіпті екенін білесіздер. Бірақ, нақты осынша адам ауырады деп кесіп айту мүмкін емес. Дегенмен 60 мың орын дайын тұр. Оның 35 проценті қолданылып жатыр. Яғни, қазіргі қажеттілікті 3 есе асыра қанағаттандырып отырмыз. Керек болса, тағы қосамыз".
Төтенше жағдай мен карантиннің алғашқы легі аяқталған соң тест, дәрі, ауруханадағы орын тапшылығы болғаны әлі есте. Содан да болар жұрт күмәнді. Депутаттық демалыс кезінде волонтер боп кеткен Ирина Смирнова да әлі тындырар шаруа шаш етектен дейді.
ИРИНА СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
" Елімізде барлығы дайын деп ойламаймын. Денсаулық сақтау министрлігінің беріп жатқан деректеріне қарасам, елдегі жағдайды барынша жағымды етіп жеткізгісі кеп жүргендей. Қалай дегенімен, босаңсуға болмайды. Дамылсыз еңбек етіп жатқан дәрігерлерді оңалту жағын ешкім ойлап жатқан жоқ. Бетін ары қылсын, кезекті толқын келгенде бізді кім емдейді?".
Ал, бүгіннен бастап екі аптаға ұзартылған карантин тағы созылып кетпей ме? Бас дәрігер, бұған қатысты шешім алдағы 14 күндегі жағдайға байланысты қабылданады дейді. Егер аурудың таралу деңгейі азайса, карантинді жеңілдету туралы жоспар бар екен. Министр болғалы брифнг сайын Алексей Цойдың айтатын бір сөзі тағы қайталанды. Барлығын бір министрлік пен дәрігерлердің мойнына артып қоймай, әркім өзінің қауіпсіздігін ойлағаны шарт дегенге саяды.
АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
" На показатель заболеваемости влияем все мы с вами. Не будем мы носить маски, не будем дистанциироваться, не будем соблюдать те простые требования, которые сейчас рекомендует весь мир, будем болеть".