Карантин талаптары сақталмауда

Карантин талаптары сақталмауда

ашық дереккөзі

Республика бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келе жатса да, осының өзін артық көріп жүргендер бар. Бірі топтасып алып десантшылар күнін тойласа, екіншілері сауна жағалап, боди массажға баруда. Өзгелері топ болып жиналып алып, футбол көреді. Бұл демалыс күндері анықталған карантин талаптарын бұзу фактілерінің бір парасы ғана. Жұрттың көбі жанын шүберекке түйіп жүгенде, талапқа бағынбағандардың мұндай әрекекеттері карантинді тағы да созуға әкелмей ме?  Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды. Ауру өршіп, ахуал аһ ұратын деңгейге жетсе де оған пысқырған мына павлодарлық топ, десантшылар күнін осылай атап өткен. Көліктердің қозғалысына бөгет болғандары былай тұрсын, карантин талаптарын өрескел бұзған. Еліріп алыпр, сап түзеген 22 адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алматы қаласындағы түн ортасына дейін жұмыс істеген бұл мекемеде карантин талаптары ескерілмей, 20 шақты адам шағын футбол ойнап, 50 шақты адам маскасыз футбол матчын ташалаған. Нәтижесінде барлығына айыппұл салынатын болды. Бұл - Алматыдағы ірі сауналардың бірі. Мобильді топ рейд барысында жұмыс істеп тұрғанын анықтаған. Әкімшілер келушілерден ешқандай санитарлық талаптарды сақтауды сұрамаған да. Мекеме иесі мен демалып жатқан азаматтар жауапкершілікке тартылған. Шымкенттік полицейлер карантин талаптарын бұзып, шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеген саунаны анықтады. Ішкі істер өкілдері аталған моншаның санитарлық талапқа да сай еместігін айтады. Мекеменің  иесіне ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Құмарлық -  қауіпсіздіктен жоғары. Шым қалада карантин кезінде жұмысын тоқтатпаған ойынхана анықталды.  Тексеру барысында ғимарат  ішінде 11 келушінің болғаны тіркеліп, иесіне қатысты заңды шара қолдану үшін тиісті құжаттар толтырылған. Ақтау қаласында әлеуметтік желіні мониторгингтен өткізу барысында заңсыз жұмыс істеп тұрған екі бірдей боди-массаж салоны анықталды. Тексеру барысында тән рахатын сыйлаймыз деген 9 қыз жауапкершілікке тартылыпты. Қостанай облысында да карантин талаптарын сақтамайтындар жетерлік. Тексеріс барысында адамдарды ашық қабылдап, ісін жүргізіп тұрған сұлулық салонының жұмысы тоқтатылды. Бұдан бөлек қостанайлықтардың маска тағуға селқос қарауы жауапты органдарды алаңдатып отыр. Астанада да келушілерді қабылдап, карантин бұзатындар жетерлік. Демалыс күндері түнделетіп жұмыс істеп тұрған 30 мекеме анықталды. Көңіл көтеру орындары санитарлық талаптарды өрескел бұзған. ДАНИЯР ОРАЛ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ «Сауна деп жатамыз. Моншалар. Қоғамдық тамақтандыратын орталар. Дүкендер, караоке орталықтары, бар. Соның барлығының жұмысын қадағалап отырмыз. Өкінішке орай 5 шілдеден бері 626 заң бұзушылық тіркеп отырсақ, 400-і бизнес нысандары». Карантин созылғанымен, елордалықтар қоғамдық көліктердің қайта жүре бастағанына қуанды. Автобустың ішіне кіріп көрдік. Жолаушылар сақтық шараларын сақтаймыз, тек қайта тоқтатып тастамаса екен деп сұрайды. «Сауда орнына, азық-түлікке немесе паркке шығуға дегендей жете алмадық. Қиын болды. Бүгіннен бастап көріп отырсыздар. Қуана. Өздерінің шаруаларымен тіпті далада серуендеп жүруге ыңғайлы болды». «Таксимен әр адам жүре алмайды ғой. Иә, автобус бергені жақсы болды.  Енді осылай тоқтамаса, жүре берейік». Вирус толқын-толқынымен қауіп төндіретін түрі бар. Сондықтан білікті мамандар жағаны жайлауға жіберіп, жалғанды жалпағынан басып жүретін кезең емес деп ескертеді. ӘКІМ ТҰРСҰН, "QMED" ИННОВАЦИЯЛЫҚ МЕДИЦИНА ПАЛАТАСЫ" БАСШЫСЫ «Бірінші кезең әлі жалғасып жатыр. Екінші волна келген жоқ. Қазіргі таңда сол вирустың жалғасы. Екінші волнасын біз ғана емес, бүкіл әлем күзде күтіп отырмыз. Сондықтан сақтық шаралары керек». Еліміздің бас дәрігерінен бастап,  барлық вируспен күресіп жатқан мамандардың өтініші бір. Карантин талаптары орындалған жағдайда ғана қалыпты өмірге бір табан жақындай түсеміз. Ал сауна жағалап, ойынханаға барып, кальян шегіп, барда заңсыз демалатындардың қарасы азаймаса, ковидтың қақпанынан құтылып шығуымыз екіталай.

Жүктелуде...