Танымал эстрада жұлдызы Бейбіт Кушқалиев бизнеске бет бұрды. Ол "Заман" тобының әншісі Әсет Қарабалинмен бірлесіп кофехана ашқан, - деп хабарлайды
NewsRoom+ Ақпарат тілшісі
KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
"Наурыз айында елімізде төтенше жағдай режимі жарияланып, карантин енгізілген соң, той да, концерт те тоқтады. Нәпақамызды тойдан тауып жүрген біздер, әншілер, жұмыссыз қалдық. Кофехана ашығуа итермелеген негізгі себеп осы болды.
Әсет екеуміз тұратын ауданда кофе ішетін орындар жоқ. Сондықтан, осындай қадамға бардық. Кофехананың ашылғанына бір айдан асты. Әзірге, жалдамалы жұмысшылар алған жоқпыз.
Кофені өзіміз дайындаймыз, даяшы да өзіміз. Карантинге байланысты тұрғындар кофені өзімен алып кете алады. Кейін бұдан да үлкея түсеміз деген мақсат бар", - дейді қазақ эстрадасының әншісі.
Өнер иесі неліктен көп кәсіптің ішінен кофехана ашқанын да түсіндіріп өтті. "Көп таныстарым неге кофехана аштыңыздар, басқа кәсіптер де бар еді ғой деп сұрап жатады. Шынын айтайын, мен кофені 2011 жылдан бері жақсы көремін. Міндетті түрде күніне бір мәрте аталған өнімді тұтынамын десем де болады. Кофенің қыр сырын білу осы кәсіпті бастауымызға түрті болды деп те айта аламын", - деді әртіс.
Бейбіт Кушқалиев бизнеске бет бұрса да, өнерді ұмытпайтынын айтады. "Әрине, Алматыға өнер қуып келдік. Қанша жылымыз сахнада өтті. Сол себепті, әншіліктен бас тарттық деп айтпаймын. Керісінше, қазіргі қиын ахуал біздің өнерді біраз тазалап, таразылап, жақсы ән, жақсы әншілерді қалдырады деген сенімдемін. Ал кәсібіміз енді қадам басқан кішкентай сәби сияқты.
Бірақ біздің жоспарымыз көп. Болашақта халыққа садақа беретін, мұқтаж жандарға баспана алып беретін, сырқат жандардың отбасына көмектесетін, адамдарға жұмыс тауып беретін жағдайға жетсек деген ниетіміз бар. Алла сол ниетімізге жеткізіп, бұл істің берекесін берсін", - деп ағынан жарылды әнші.
Бір қызығы, кофехананың логотипінде шегірткенің суреті бейнеленген. Бұған кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың әншілерді шегірткеге теңегені қаншалықты әсер етті? "Шыны керек, шегірткенің суретін қоюды досымыз Қайрат Әділгерей ұсынды. Көпшілік әншілер қауымын шегірткеге теңеп жатыр ғой. Соған байланысты, аздаған мысқылмен қойған түріміз бұл. Негізінде, кімнің кім екені Аллаға ғана мәлім. Ал бизнес тренер Ахметбек Нұрсилаға ешқандай реніш жоқ. Тек алғыс қана айтамыз", - дейді әнші.
Бейбіт Кушкалиев жаңа кәсіпті ашар кезде "ат іздеп, бас қатырған жоқпыз" деп отыр. "Кофехана атауын таңдау қиын болған жоқ. Менің және Әсеттің есіміндегі алғашқы әріптерді қосып, "BEAS" деп атадық", - деді өнер иесі.