Қазақстан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев билікті Нұр-Сұлтан қаласының орталық паркіндегі көне терекке айрықша мәртебе беруге және оны сақтауға шақырған астана тұрғындарын қолдап отыр. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазақстандықтардың астана тұрғындарына белгілі 120 жылдық ерекше терек ағашын сақтау қажеттігі туралы бастамасын қолдаймын. Ол үшін барлық күшімізді салған жөн", - деп жазды М.Мырзағалиев Twitter-дегі өз парақшасында.
"Министрлік өз тарапынан ағашты сақтау жөніндегі жауапкершілікті алады. Ақпарат жазылған тақтайша орнатылады", - деп хабарлады ол.
Министр, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының белсенділеріне қоршаған ортаға қамқорлық білдіргені үшін алғыс айтып, қалалықтарды "осы табиғи бірегей байлықты аялауға шақырды".