Қазақстандық эпидемиологтар мен дәрігерлерге «коронавирус індеті қашан тоқтайды?» деген сұрақты қойсаң, «бұл бәріміздің карантин шараларын қалай сақтайтынымызға байланысты» деген жаттанды жауап аласың. Алысқа бармай-ақ осы аптадағы брифингіде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың осы тақылеттес сөзін еске алсақ жеткілікті. Алайда індет қашан және қалай аяқталатыны жайлы әлемде түрлі болжам бар. Бұл туралы
malim.kz сайтына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко келесі жылдың ақпанына дейін Ресей бұрынғы өмірге қайтып оралмайды деп болжайды.
«Қалыпты өмірге қашан ораламыз деп жиі сұрайды. Қалыпты өмір деген не? Бұл концерттерге бару, ары-бері ұшу, толыққанды жұмыс істеп, демалу. Меніңше, ақпанға дейін ондай қалыпты өмірге оралуымыз екіталай. Вирустың таралу тізбегі үзілуі керек», – дейді Ресейдің денсаулық сақтау министрі.
Енді бір эпидемиологтар вакцина шығарылып, толық сынақтан өтіп біткенше, адамзат вирустан сақтанып өмір сүруді үйренуі керек дейді. Қазір әлемнің бірқатар елінде вакцина жасалып, зерттеліп жатқаны белгілі. Оксфорд университетінің ғалымдары AstraZeneca компаниясымен бірге ChAdOx1 nCoV-19 вакцинасын жасап шығып, сынақтан өткізіп жатыр. Сынаққа қатысқан 1077 адамда вирусқа қарсы иммунитет пайда болған. Алайда сынақ мұнымен аяқталмайды. Жалпы, ғалымдар да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да 2021 жылға дейін вакцина қолданысқа шықпайтынын айтып жатыр.
Ал Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының бұрынғы сарапшысы Клаус Штор
Bloomberg-ке берген сұхбатында қыста коронавирустың кезекті толқынына тап боламыз деп болжайды.
«Бұл вирустың эпидемиологиялық сипаты басқа жедел распираторлы вирустардікіне ұқсас. Вирус қыста қайта қозады. Алда індеттің үлкен толқыны болады. Локдаун немесе соған ұқсас шараларды қолға алмасақ, індет жайылып кетеді. Қысқа дейін вакцина шықпайды. Ауыратындар саны өсе түседі, оны тежеу қиынға соғады, өйткені адамдар өз еркіндігі мен жүріс-тұрысын шектеу шараларына көне бермейді», – дейді маман.
Клаус Штордың болжауынша, Германия сияқты дамыған елдерде келесі жылдың басында айтарлықтай көп вакцина шығады. Бірақ барлық елдер вакцинаға қол жеткізбейді.
«Әлем вакцинасы барлар және жоқтар деп екіге бөлінеді».
Маманның айтуынша, әлемді вакцина емес, ұжымдық иммунитет құтқарады.
«Келесі жылдың ортасына дейін әлемдегі адамдардың басым бөлігінде антиденелер болмақ. Ондай адамдар саны уақыт өте арта береді. Артынша вирустың үшінші толқыны келмек. Үшінші толқын аяқталғанда, әлемдегі адамдардың 80 пайызында антиденелер болмақ», – дейді ол.
Вакциналар сынақтан сәтті өтіп, қолданысқа енгенімен, көптеген халық үшін ол қолжетімді болмайды дейді Штор.
«Вакцина жасап шығу үшін барлық ресурсты жұмсауға тура келеді. Дегенмен көптеген халық вакцина ала алмайды. Келесі жылдың басына дейін вакцинаның 1,5 миллиард доза шығуы мүмкін. Әлемде 7,5 миллиард халық бар. Инфрақұрылымы жоқ, денсаулық сақтау жүйесі ақсап тұрған әрі халқы көп елде вакцинаны қалай өндірмек? Пандемияны вакцина тоқтата алмайды. Вирус өз жолындағы әрбір тірі жанға жұғып бітпейінше, тоқтамайды», – дейді маман.