«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Tamasha TV» телеарнасы 2020 жылдың 27 шілдесінен бастап хабар таратуын тоқтатады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің facebook парақшасында жазды.
Телеарналар да тірі организм секілді. Уақыт өте келе, заман талабының жалына жармаса алмай, тіршілігін түзей алмағаны жабылып, орнына жаңасы ашылып жатады. Бұл – табиғи, қалыпты процесс. Ойын-сауық бағытындағы «Tamasha TV» телеарнасы жұмысын тоқтатып жатса, 30 маусымнан бастап «Abai tv» мәдени-ағарту телеарнасы эфирге шығып, халықпен қауышып отыр.
Бұл тұста ең басты мәселе, алдағы уақытта мемлекеттік телеарналардың қай-қайсысында болсын, ұлттық құндылықтарды насихаттау, этносаралық бірлікті нығайту, еліміздегі саяси тұрақтылық пен қарапайым халықтың көкейіндегіні дөп басатын хабарлар дайындау бағытындағы жұмыстар одан әрі жандана түсетінін баса айтқымыз келеді.