«Бриз-М» үдеткіш блогы мен «Экспресс-103» және «Экспресс-80» ресейлік телекоммуникациялық ғарыш аппараттары бар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыруға дайындық аяқталуға жақын, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Бұл ретте, мемлекеттік комиссия ғарыштық мақсаттағы зымыранның, мамандардың, жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің ұшыруға дайындығын қарап, ғарыш айлағының №200 старт кешеніне ғарыштық мақсаттағы зымыранды шығару туралы шешім қабылдады.
Кеше зымыранды технологиялық жанармай құю алаңынан старттық кешенге тасымалдау және оны орнату жұмыстары басталды.
«Бриз-М» үдеткіш блогы мен ресейлік телекоммуникациялық ғарыш аппараттары бар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыру 2020 жылдың 30 шілдесіне, Нұр-Сұлтан уақытымен 03:27:42-ге жоспарланған.
«Экспресс-80» және «Экспресс-103» – «Экспресс-1000Н» спутниктік платформа базасында академик Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» компаниясында дайындалған орта санаттағы ресейлік телекоммуникациялық ғарыш аппараттары.
Спутниктер белгіленген және жылжымалы байланыс қызметтерін, цифрлық телерадио хабар таратуды, «Интернет» ақпараттық-телекоммуникация желісіне жоғары жылдамдықты, Ресей аумағында және ТМД елдерінде C-, Ku- және L- диапазондарда мәлімет беруді қамтамасыз етуге арналған.