Өткен жылдарға қарағанда жыл сайын еліміздегі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өзара бәсекесі артуда. Қатарға жаңадан ашылған сайт, газет, телеарналар да қосылып жатыр. Десе де Youtube желісінде ашылған арналардың күнделікті ақпарат тарататын арналардан қаралымы жоғары. Бірақ дереккөздері мейлінше сенімді ақпарат тарататын ресми телеарналардың «дәурені бітті» деп келте қайыру жөн емес. Әлеуметтік желілер БАҚ-қа аудитория санатынан бәсекелес болса да, шынайы да нақты ақпаратқа иелік ететін ресми БАҚ-тарды көлеңкеде қалдыратын күн әлі табандаған жоқ. Мұнда мәселе сенімде тұр.
«Nur Media» «Nur Otan» партиясының бастамасымен 2008 жылы құрылған ақпараттық холдинг. Құрамында «Астана» телеарнасы, «Аiqyn» және «Литер» басылымдары, «Tύrkistan», «Қазақстан теміржолшысы» газеттері және «NS», «Orda FM» радиолары, «Азаттық рухы» сайты кіреді.
«Aiqyn» газеті бүгінде ақпарат таратуда жетекші басылымдардың бірі, бір аптада төрт рет шығатын басылым өзекті мәселелерді қаузап келеді. Басылымнан өзге сайты жұмыс істейді. Сайт күніне ақпарат таратады. Сайтта жазылған мақалалар мен ақпараттар күніне 100-бен 2000 аралығында қаралым жинайды. Ақпараттың өзектілігі мен маңызына байланысты бұл тендеция жүріп келеді.
«Литер» басылымы орыс тілінде ақпарат таратады, сайт нұсқасы да бар. Қазақстан мен шетел жаңалықтары, экономика, саясат, спорт тақырыбынан өзге басылымның «Nur Otan» атты айдары бар. Бұл айдарда «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстары, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге ат салысуы т.б жазылады. «Литер» басылымында осы айдың басында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаттары мен басшыларының қанша көлемде сыйақы алатыны туралы сараптамалық мақала жазылған еді. Бұл қоғамда резонанс тудырды (қордың экс басшысының жарының әлеуметтік желідегі жазбасымен қоса есептегенде), сонымен қатар басылым аталған қордың экс-басшысына қатысты да сараптамалық мақала жазып, біраз істің бетін ашқан еді.
«Астана» телеарнасы да «Nur Media» холдингіне қарасты арна. Арнаның жаңалықтар қаралымын Youtube-тан саралар болсақ, осыдан 18 сағат бұрын желіге жүктелген жаңалықты мыңнан аса адам тамашалаған, «Aitarym bar» бағдарламасы 100-ден 3000-ға жуық қаралым жинаса, арна эфирге шығаратын «Оңай емес», «Кім кінәлі?» сынды әлеуметтік-қоғамдық т.б тақырып ауқымын қамтитын бағдарламар қаралымы 100 мыңға жетіп қалады. Бұл телеарнада телехикаялар қаралымы басымырақ.
«Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі өткен жылы құрылған. Оқырманға экономикалық, әлеуметтік және саяси тақырыптарда маңызды ақпараттар мен сараптамалық-талдау материалдар ұсынады. Аталған портал қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратады, сонымен қатар арнайы репортаждар, сараптамалық материалдар беріп тұрады. Порталдың «Азат алаң» деген айдарында түрлі тақырыптарда түрлі жандармен сұхбат өрбітеді. Сондай-ақ Youtube арналары да жұмыс істейді. «Azattyq Rýhy» тәулік бойы жұмыс істейді.
Осы жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында «Нұр Отан» партиясы ішінара сайлау яғни праймериз өткізеді. Бұған дейін бұл саяси үрдіс Қазақстанда жүргізілмеген еді. «Нұр Отан» партиясы АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде қолданылатын үрдісті алғаш рет өткеріп көреді. Әзірге партияға қарасты басылымдар мен телеарнаның таралымы мен ақпарат таратудағы үлес салмағы өзге де басылымдардан кем түсіп жатпағанын байқадық. Десе де «Нұр Отан» қаржыландыратын БАҚ-тың үлес салмағы өзге партиялар қаржыландыратын БАҚ-тан қарағанда басымырақ. Бұл тұрғыда «Ақ жол» партиясына қарасты «Қазақ үні» порталын ғана білеміз. Праймериз өткізу арқылы саяси бәсеке мен пікір ашықтығы күшейеді деудің қаншалықты өміршең және нақты екені белгісіз, десе де бұл бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекесені де түрткі болатын сыңайлы.