Үйі, бала-шағасы бола тұра кейуана кіреберісте түнеп жүр. Қолында екі бірдей мемлекетте тұрғандығын растайтын құжаты бола тұра, ол өз үйіне орала алмайды. Бюрократияның былығынан барынан айрылған азаматша екі елдің президентіне бірдей үндеу жолдап, көмек сұрады. Нұрия Усманованы самайын ақ шалғанда сергелдеңге түсірген кім? Қызы мен баласы қол ұшын соза ала ма? Ресей азаматының Ақтөбеге қандай қатысы бар? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Самайын ақ шалғанда сергелдеңге түскен Нұрия Усманова ашынып, жылай береді. 60 жастағы зейнеткердің Орынборда жалғыз қызы мен күйеу баласы қалған. Өзі құжаттың машақатымен дәл осылай сергелдеңге түсемін деп ойламағанын айтады. Бар мәселе Нұрия Усманованың Өзбекстандық төлқұжатынан басталған.
НҰРИЯ УСМАНОВА:
"Менде Өзбекстанның азаматтығы болды. Сол төлқұжатымның жарамдылық мерзімі бітетін болғасын, Орынбордағы көші-қон полициясындағылар мынау ескі үлгідегі төлқұжат, барып ауыстырып келіңіз деді. Ташкентке барып биомертикалық төлқұжатымды, алып шекараға келгенде мені Ресейге қарай өткізбей қойды. Кіруге тыйым салынған, - деді. Менің төлқұжатым көне үлгіде болғасын осындай проблема туындап тұрған шығар".
Ресей қабылдамай қойған соң, Нұрия Усмановаға Ақтөбеде аялдауға тура келеді. Не танысы, не туысы жоқ. Қалада көпқабатты үйлердің бірінің подъезіне түнейді. Сөйтіп жүргенде еріктілер көріп қалып, көмектескен. Хостелді паналап жүргенде қарапайым тұрғын уақытша тұруға орын тауып беріпті. Енді мәселесі шешілгенше әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр.
Нұрия Усманова карантинге тап болам деп ойламаған. Елең-алаң кезде Ресейде тұруға рұқсат беретін ықтияр хатының да мерзімі өтіп кеткен. Орынборға жетіп алса құжаттарының бәрін реттеп, Ресей азаматтығын алғысы келіп отыр. Шетелдіктің шаруасын реттеуге ақпараттық кеңес беру орталығы көмектесуде. Зейнеткердің өз үйіне оралуына бір ғана жол бар.
ГҮЛНҰР ЕДІГЕЕВА, «ДӘРІС» АҚПАРАТТЫҚ-КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
"Ол кісі хирургта учетта тұрған адам екен. Осы күнге деп нақты жазылып қояды. Сол күнге келу керек деген кағазды бізге жіберсе, біз тек сонда ғана шекараға апара аламыз. Әрі қарай Ресей Федерациясына сол қағаз арқылы кіре алады".
Ақпараттық-кеңес беру орталығы мамандары карантин басталғалы қиындыққа тап болған 50-ге жуық мигрантқа көмектесіпті. Мәселені шешуге халықаралық көші-қон ұйымы да атсалысқан.