Қарағанды облысының билігі аймақта қанша шахтерға коронавирус жұққанын хабарлады. Бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының басшылығы мұндай ақпаратты айтудан бас тартқан еді.Бұл туралы Азаттық радиосына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы шахтерлар арасында Covid жұққандар көп, қалған жұмысшыларға жүктеме артты деп мәлімдеген соң Азаттық тілшісі мәселені анықтауға тырысты.
Қарағанды облысының тауар мен қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, АМТ компаниясында 174 шахтердің Covid-тесті оң нәтиже көрсеткен. Департаменттің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында компанияның көмір департаментінде 218 жұмысшыға (олардың арасында Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинскідегі байыту және қосалқы кәсіпорындарының жұмысшылары да бар) коронавирус жұққаны жазылған. Болат департаментінде (Теміртау қаласындағы металлургия комбинаты) 317 жұмысшыға вирус жұққан. Темір кені департаментінде 200-ден астам жұмысшыдан коронавирус инфекциясы табылған. Олардың бір бөлігі жазылған.
"Казуглепроф" кәсіподағы өкілдерінің айтуынша, шахтада жұмысшылар әлі жетпей жатыр.
"Қазір шахтаға адамдар жетпей жатыр. Ал жоспар сол баяғыша өзгермеген. Сондықтан компаниялар жүктеме азаятындай жоспарларын өзгертуі тиіс. Егер бригадада жұмысшылар толық болмаса, орнында жоқ жұмысшы үшін қосымша ақы төленуі қажет", - деді "Казуглепроф" көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов.
Бұған дейін Азаттық тілшісі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жазбаша сауал жолдаған кезде компания коронавирус жұққан жұмысшылар санын айтудан бас тартқан еді. Сол кезде АМТ "індет кезінде өндіріс қарқыны бәсеңдеген жоқ, жерасты кәсіпорнының қызметкерлері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, кеншілер бригадасының құрамы талапқа сай" деп мәлімдеген. Компания бұған қоса, облыстағы Костенко атындағы шахта шілде айында 2020 жылға арналған бизнес-жоспарды орындады деп айтқан.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының көмір департаментінде Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай қаласындағы сегіз шахтаны қосқанда барлығы 14 800 қызметкер бар. Қарағанды облысындағы АМТ компаниясының кәсіпорындарында шамамен 35 мың адам жұмыс істейді.