Елімізде ковид жұқтырған науқастар саны үш миллион болуы мүмкін. Сарапшылар мен қоғам белсенділері осындай пайым жасап отыр. Олар халыққа жарияланып отырған ресми деректердің дұрыстығына күмәнмен қарауда. Себебі ПТР тест тапсырғандардың саны 1 миллион 700 мыңның айналасында. Дәрігерлер мен полицейлердің бірнеше мәрте тестен өтетінін ескерсек, нәтиженің көңіл көншітпесі анық. Көңілді күпті еткен тағы бір дерек. Бір аптада 210 отандасымыз індеттен көз жұмған. Олардың 114-і елорда тұрғындары. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
COVID-19 көрсеткіші бойынша еліміз 29-шы орынға тұрақтады. Ресми мәліметтер 70 мың адамның коронавирус жұқтырғанын айтады. Шілденің 13-і мен 19-ы аралығында пандемиядан 210 адам көз жұмса, өткен сенбі-жексенбінің өзінде 121 отандасымыз індетті жеңе алмай, бақилық болған. Олардың 114-і елордадан. Алматы облысында 19 науқас қайтыс болса, қаралы үштікті Түркістан облысы түйіндеп тұр.
13-19 шілде аралығында 210 адам көз жұмған. Сенбі-жексенбі күндері 121 адам қайтыс болды.
Нұр-Сұлтан қаласы -114
Алматы облысы -19
Түркістан облысы -18
Осы орайда коронавирусқа қатысты жалпылама деректердің дұрыстығына күмәнмен қарайтындар да бар.
«Ауруға шалдыққандардың саны 70 мың емес, 1,5 млн болуы ықтимал. Тіпті 3 миллионға жетуі ғажап емес»,- дейді кәсіпкер Айдын Рахымбаев.
КӘСІПКЕР АЙДЫН РАХЫМБАЕВТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАСЫНАН:
«Біздің мақтан тұтатын қонақжайлылығымыз осындай ауыр жағдайға әкеп соқты. Мен айтып отырған 1,5 миллион науқас бұл жай ғана болжам. Шын мәнінде бұл сандар одан да жоғары болуы мүмкін. Өйткені ешкімнің індетпен ауырмаған танысы қалмады.»
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегін сынға алғандардың бірі экономист Олжас Құдайбергенов:
«Елде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың жалпы санында жаңылыс бар.»
ЭКОНОМИСТ ОЛЖАС ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ FACEBOOK ПАРАҚШАСЫНАН:
«Бұл жерде ПТР-тестілеуден өткен, ауруханаға өздері барған адамдарды айтып отырмыз. Әрине, үйінде емделген адамдар бар, бірақ оларға қатысты қандай сан шығатыны әзірге белгісіз. Ауруханаға індеттің белгілері бар науқастар хабарласқанын, ал 85%-і симптомсыз ауырғанын ескерсек, 2 миллионға жуық қазақстандық жазылған немесе ауырып жатыр.»
Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі "Вирус пен пневмониядан қайтыс болғандардың көрсеткішін біріктіру дұрыс шешім болды" деп есептейді. Айтпақшы, бұрынғы кеңесші деп отырғанымыз Олжас Құдайбергенов кеше қызметінен босатылды. Егер экономистің болжамы расталса, Қазақстан ковид бойынша әлемдік қаралы тізімнің ондығынан бір-ақ шығады. Өйткені ковидты қоспағанда, жыл басынан бастап 15 шілдеге дейін елде 234 мыңнан астам адамның пневмонияға шалдығып, 3327-сі көз жұмған.
Ашық дерек көздерінде 1 миллион 737 мың 546 тұрғынның ПТР тестінен өткені жазылған. Бұл ел тұрғындарының бар-жоғы 9,25%-ына тең. Егер осы санға қызмет бабы бойынша бірнеше рет тестілеуден өтетін дәрігерлер, полицейлер мен еріктілерді ескерсек, шын мәнінде тест тапсырған қазақстандықтар саны тым аз екенін аңғаруға болады.
https://www.youtube.com/watch?v=-MHme9FTxTY