"СК-Фармация" ЖШС компания басшысы Ерхат Есқалиев пен бақылау кеңесінің хатшысы Азат Есқалиев туыс деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан сайтына Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
"Бұл ақпарат шындыққа сай келмейді. Ерхат Серікұлы Есқалиев пен Азат Маратұлы Исқалиев туыс емес, бар болғаны тегі бірдей", - деп хабарлады компанияда.Ерхат Есқалиев "СК-Фармация" ЖШС басқарма басшысы қызметіне 2020 жылдың 12 шілдесінде тағайындалды. Бұған дейін ол 2016 жылдан бері тәуелсіз директор ретінде компанияның бақылау кеңесі құрамында болған. Азат Есқалиев бақылау кеңесінің хатшысы қызметіне 2020 жылдың 15 сәуірінде кірісті. Оған дейінгі хатшысы өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш тапсырған. Әлеуметтік желілерде "СК-Фармация" компаниясында жауапты қызметтегі адамдар туыс екені туралы ақпарат тарап кеткен болатын. Осыған байланысты компания Есқалиевтердің бір-біріне туыс емес екенін құжат жүзінде растап отыр. "СК-Фармация" - дәрі-дәрмекті сатып алып, медициналық заттермен қамтамасыз ететін Қазақстандағы бірыңғай дистрибьютор. Қалаларда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалған болатын. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде елге жеткізілген тегін гуманитарлық жүк дәріханаларға сатуға берілетіні туралы ақпарат жарияланды. Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған болатын. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.