Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус жұқтырған науқастардың телефон пайдалануы туралы қосымша түсініктеме берді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Tengrinews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
"Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың телефон пайдалануы туралы сұрақтар көп түседі, солардың бірін депутат Снежанна Имашева жолдаған", - дейді бас санитар дәрігер.
Есмағамбетованың айтуынша, бұған дейін лас аймақта істейтін дәрігерлерге ұялы телефон, сағат, әшекей қолдануға тыйым салынған. Себебі бұл заттар арқылы инфекция тарауы мүмкін. Ал науқастарға телефон пайдалануға тыйым салынбаған, сондықтан олар жақындарымен байланыса алады. Бірақ науқастарға аурухананың ішінде аудио, фото және видеотүсірілім жасауға рұқсат етілмеген.
"Пандемия кезінде стационарлардан видеолар көп тарады. Өкінішке қарай, видео науқастардың рұқсатынсыз, рұқсат беруге қауқарсыз жатқан кезде түсіріледі, осылайша әр азаматтың құқығы бұзылады. Одан бөлек, видео медицина қызметкерлеріне қысым көрсету мақсатында түсіріледі, оны көбіне хаттамаға сәйкес ем алғысы келмейтін науқастар түсіреді. Осылайша дәрігерлер мен медбикелерге видео түсіру арқылы қысым жасайды", - дейді Есмағамбетова.