Елімізде ауыл мектептерін қолдау бойынша жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі.
«Aitas KZ» АҚ Назарбаев Зияткерлік мектептері бірге «Ауыл мектебі» жобасын іске қосты.
7 шілдеде «Aitas KZ» пен Назарбаев Зияткерлік мектептері «Ауыл мектебі» жобасын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жоба тұрақты даму стратегиясы аясында Ақмола облысының Бұланды ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Катонқарағай аудандарындағы 4 мектепте жүзеге асырылады.
Ауылдардағы білім беру жүйесі
Қазақстандық мектептердің 72,2%-ы ауылды елді мекендерде (stat.gov.kz) орналасқан. Онда оқушылардың 46%-ы білім алады. Себебі елдегі мектептердің 49,4%-ы шағын жинақты мектептер болып саналады. Одан бөлек ауылдағы мектептердің әсіресе оқу құралдарымен жеткілікті деңгейде жасақталмауы мен білім алу мүмкіндіктерінің төмен деңгейі байқалады.
Сондай-ақ қазақстандық оқушылар соңғы 10 жылда халықаралық PISA-2018 15 жасқа дейінгі оқушылардың функционалдық сауаттылығын зерттеу нәтижелері бойынша сауаттылық деңгейінің төмендегенін көрсетті. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы 37 балды құраған.
«Ауыл мектебі» жобасы
Жоба бастамашыларының ойынша, қоғамның, билік пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығы ауылды аймақтарда тұрақты даму стратегиясын жүзеге асыруға және Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін елдегі жалпы білім беретін мектептерге трансфер жүргізуге мүмкіндік береді.
2011 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымдары өз тәжірибесін елдегі орта білім беру жүйесіне трансляциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – ұйым жұмысының басымдыққа ие әрі стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі жолдауына сәйкес қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім беру сапасы алшақтап жатқан уақытта, оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында 6 аймақтың әкімдігі «Ауыл мектебі» жобасын пилотты режимде бастау үшін 14 білім беру ұйымын іріктеп алды. Жоба аясында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқу және тәрбие беру процесіне, оның ішінде сабақтарды бақылап, оқу жетістіктеріне мониторинг жасай отырып зерттеу жүргіздік. Мониторинг нәтижелері негізінде оқушыларға әдістемелік қолдау көрсетілді. Мұғалімдерді кәсіби тұрғыда шыңдау және материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді, мектептерді дамытудың жоспары жасалды» - деді жоба жайлы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Күләш Шәмшидинова.
Назарбаев Зияткерлік мектептері іске асыратын жобаның негізгі міндеттері – мектеп инфрақұрылымын түгендеу және ауылдағы білім беру қызметінің сапасын арттыру. Өз кезегінде «Aitas KZ» АҚ мектептердің жабдықталуын қамтамасыз етіп, жобаны қаржыландырады. Жергілікті атқарушы органдар мектептерде жөндеу жұмыстары мен жаңа оқу жылына дайындықты жүргізеді.
«Ынтымақтастықтың осындай форматы аймақтардағы қазіргі білім беру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе елдің басқа аймақтарында да осыған ұқсас жобаларды дамытуға жол ашады. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жалпы білім беру саласындағы мүмкіндіктері жоғары. Жобаның жүзеге асырылуы өз нәтижесін көрсетеді деген ойдамын. Алайда қазіргі таңда жобаның өзін оң нәтиже деп бағалауға болады» - деп атап өтті «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.
Қандай жұмыстар жүргізіледі?
«Ауыл мектебі» жобасы келесі жұмыс бағыттарын көздейді:
1. Ауыл мектептерінің күшті және әлсіз жақтарын, сонымен бірге орта білім беру ұйымдарының қажеттілігін зерттеу;
2. Білім беру қызметін ұсынудың шарттары мен сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу;
3. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін есепке ала отырып, оқытуды ұйымдастырудың, оқытудың, бағалаудың, тәрбие беру жұмыстарының инновациялық тәжірибелері мен технологияларын енгізу.
Материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша мынадай жұмыстар жүргізіледі:
• 2020 жылы: мектептердің диагностикасы, кабинеттерді жабдықтау (информатика, робототехника, ұлдар үшін инженерия мен қыздар үшін еңбек кабинеті), құрылымдалған кабельді желі мен БЖ (бағдарламалық жасақтама); мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектеп кеңістігін ұйымдастыру;
• 2021 жылы: кабинеттерді жабдықтау (химия, физика, биология, музыка, жаратылыстану, спорт және акт залы), оқушылардың білімін жетілдіру;
• 2022 жылы: бастауыш, негізгі және жоғарғы мектептердің кабинеттерін жабдықтау.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмысы 2020 жылы бүкіл жоспарлы жұмыстармен қатар жүргізіледі.
Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің бөлігі жүзеге асырылған. Яғни жобаға енгізілген мектептерге диагностика жүргізілді (Катонқарай мен Үлкен Нарын ауылы, Қасым Қайсенов кенті, Макинск қаласы).
Сонымен қатар, осы жылдың сәуір айынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері педагогикалық шеберлік орталығының мамандарының қатысуымен «Когнитивті (танымдық) процестерді дамыту: назар, есте сақтау, сөйлеу, ойлау», «Сабақтағы кері байланыс: түрлер, ұсыныс нұсқалары», «Дарынды балаларды оқытудың амал-әдістері» және тағы басқа тақырыпта мұғалімдерге арналған 20 вебинар өткізді.
«Ауыл мектебі» жобасы бойынша елді мекендердегі 3000 оқушы білім алады. Жобаның жалпы бюджеті - 800 миллион теңген.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен келісімі бойынша жобаға қатысатын мектептерде 2021 жылдың соңына дейін бюджет қаражаты есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіледі.