Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудандағы 42 үй жарамсыз деп танылып, жаңа баспаналардың құрылысы басталған. Бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан үйлер аяқталуға жақын деп хабарлайды Newsroom+ ақпараттық агенттігінің тілшісі Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Жалпы 42 үй тамыз айының басында толық аяқталып, иелеріне табысталатын болады.
Айта кетерлігі, аталған баспаналардың 17-сі – Леңгір қаласында, 2-і – Киелітас, 22-сі – Сұлтан-Рабат, 1-і – Ынтымақ ауылдарында соғылуда. Қазіргі таңда 22 үйдің шатыры жабылып, терезесі орнатылған. Ішкі электр желісін, жылу жүйелерін жүргізу мен ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 20 үйдің шатырын жабу жұмыстары жүргізілсе, 7 үй жуық арада толық аяқталады. Баспанлардың жалпы аумағы – 2640 шаршы метр. Үйлердің құрылысын 9 мердігер мекеме жүргізуде. Құрылысы аяқталған кезде селден зардап шеккен отбасыларға 42 баспананың кілті табысталады.
Төлеби ауданына сапар аясында Леңгір қаласындағы №5 мектеп гимназиясын құрылыс-монтаждау жұмыстары таныстырылды. Негізінен 600 орындық мектептің ескі ғимараты жаңғыртылып, қосымша 200 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүруде. Сондай-ақ, мектептің жаңа асханасы мен спорт залы, кітапханасы мен шеберханасы болады. Қазіргі таңда, нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу, жылу жүйелерін жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме «Қаратау ЛТД» ЖШС-і нысанды биылғы жаңа оқу жылында толық аяқтап, пайдалануға беретін болады.