Ақтөбедегі көп қабатты үйдің жанынан ашылған қасапхана тұрғындардың наразылығын тудыруда. Олардың айтуынша тезектің иісінен аулаға шығу мүмкін емес. Алайда қасапхананы құрған кәсіпкерлер халықтың сөзіне мүлдем құлақ аспаған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsrrom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Көп қабатты үйдің екінші қабатынан қарасаңыз аула толы төрт-түлік мал. Жылқысы, сиыры, қойы барлығы жүреді екен. Тұрғындардың аса қатты ашуына тигені нәжістің иісі.
Анар Қыдырқызы,тұрғын:
"Қорада отырған адамдар сияқтымыз.Ауладан мал сойып, ішек-қарын ақтарып қойғандай иіс шығады."
Жұмағазы Махамбет,тұрғын:
"Жел соққанда жылқы иісі мен қой иісінен аулаға шығу мүмкін емес. Тіпті терезе ашып та отыра алмайтындай күйге жеткізді."
«Қызылжар-3»-тің тұрғындары бұл жай ғана малдың нәжісінің иісі екеніне күмәнмен қарайды. Олар шаруа қожалығының иесі аулада малды бордақылап қана қоймай, заңсыз соятын секілді деп топшылайды. Топшылайтын себебі, жөн-жосығын айтатын аулада тірі жан көрінбейді. Сосын тұрғын біткеннің бәрі биік дуалдан осылай сығалап қояды. Басқа амалдары жоқ.
Бақытбек Есенғазин,тұрғын:
«Қыс бойы 100 жылқы болды, осы аулада тұрды. Сиырлар бар. Соның бәрінің боғын біздің үйдің тұсына үйіп қойды.»
Сасық иіске тұншығып, амалы таусылған жұрт Ақтөбенің Алматы ауданының әкімдігіне шағымданады. Арыздарында тап есігіміздің алдында мал ұстап, бордақылауға бізден ешкім рұқсат сұраған жоқ деп жазыпты. Әкімдіктегілер арызды тиісті бөлімдерге жолдаймыз деген. Бірақ,
Анар Қыдырқызы, тұрғын:
«Тіреуі мықты болса, кешіріңіз, біз ештеңе істей алмаймыз деді.
- Сонда кімдікі деп ойлайсыздар?
- Ол кісіні білмейміз."
Жұмағазы Махамбет, тұрғын:
«Тексеріп қарады да, бұл рұқсат алынған жер деді. Жер болса, оны қала статусы берілмей тұрғанда алынған жер. Енді статус берілгеннен кейін өзгертуге болмай ма? Қала сыртына шығаруға? Мұны тұрғындарға үй салуға берсін!»
Алматы ауданы әкімдігіндегілер 1 гектар жер ешқандай «ағасы да, көкесі де жоқ» қарапайым тұрғындікі деп отыр. Жасап отырған шаруасы да - заңды. Ақтөбе екі ауданға бөлінбей тұрғанда, аталған аумақта мал ұстап, қосалқы шаруашылық жұмыс жасауына рұқсат берілген сәтте құжаттарын заңдастырып алғанын айтты. Енді тек ескертуден басқа еш шара қолдана алмайтындығын айтқан.
Бақұзақ Дарин, Алматы ауданды әкімінің орынбасары:
«Қосалқы шаруашылық жүргізу үшін оларға рұқсат етілді. Қожайынымен сөйлесеміз. Олар малды бордақылап, заңсыз сойды деп отыр. Мал соятын арнайы орын бар, соған апарыңдар деп ескертеміз.»
Шаруа шенділердің ескертуінен нәтиже шығара ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Бірақ, Қызылжар-3 тұрғын алабындағылар бұл мәселе тезірек шешілмесе, тыныс жолдары ауруына шалдығамыз деп үрейленіп отыр.
https://www.youtube.com/watch?v=sVdcq1VkR7s