Шиелі ауданында жедел жәрдем қызметі науқастарға велосипедпен қатынап жүр. Тартоғай ауылының тозығы шыққан жолында ақ халатты абзал жандар одан әрмен қиналып жүр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsroom.kz Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Тартоғай дәрігерлік амбулаториясына қарасты жедел жәрдем көлігіне 17 жыл болған. Жүргенінен тұрғаны көп деп налыған дәрігерлер бұл көлікке мүлдем сенуден қалыпты. Қазіргі таңда Тартоғай ауылында 13 адам пневмониямен ауырып жатыр. Төрт адам аудан орталығындағы ауруханада жатыр. Тұрғындар дәрігерлерді велосипедпен көргендеріне таңырқап қалған.
"Үнемі дәрігерлерді кінәлай беруге болмайды.Күн демей түн демей, шақырсақ сылтаупатпай келеді. Жаяу келеді, велосипедпен келеді я болмаса өз көлігімізбен әкелуге мәжбүр боламыз. Әкімдіктен ешқандай көмек жоқ. Ауылымызда екі жедел жәрдем көлігі болған. Ауданда жиналыс болады деп жаңа көліктерді алды да кетті. Сол кезде әкіміміз: Өзім көлік тауып беремін, бұл жағдайды өзім шешемін деп уәді берген еді, ешқайсысы орындалмады",- Тартоғай ауылының тұрғыны Бердібек Ершоқаев.
"Қатынап жүрген жедел жәрдем көлігіміз тым ескі болғандықтан, жүруге жарамсыз болып қалды. Науқастар ауыр халде хабарласқанда жаяу немесе велосипедпен кетуге мәжбүр боламыз. Аудан, облыс көлемінде ауыр халдегі науқастарды жеткізу кезінде жеке көліктерімізбен немесе такси қызметіне жүгінуге тура келеді. Әкімдіктегілерге телефон шалып, көлік керектігінде жеткіздік, олардан ешқандай көмек болмады, дәлірек айтқанда көлік тауып бере алмады",- Тартоғай дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері міндетін атқарушы Рақымжан Палымбетов.
ТАРТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ ДОСМАТ СҮЙІНДІК: -"Біз көлікті ауыстырдық. Қазір жақсы жүріп тұр. Оған қоса ауылда мобильдік топ тұрылды."
Әкімнің бұл сөзін ақ халаттылар жоққа шығарып отыр. Тіпті сенбілікке де шығатындарын айтып реніштерін білдіруде.
"Коронавирус індетімен қоса пневмониямен ауырып жатқан адамдар саны күн санап артып келеді. Ұйқысыз күндерді өткізіп жүргенімізбен қоймай сенбілікке де шығамыз. Мәжбүрміз",-Тартоғай дәрігерлік амбулаториясының лаборанты Шайгүл Қожантаева.
Тартоғай медицина қызметкерлері науқастарды емдеумен қатар қоқысты да жинап жатыр. Шиелі ауданының бас дәрігері жақын арада бес су жаңа жедел жәрдем көлігін алдыратынын, біреуін Тартоғайға беретіндігін айтты.
https://www.youtube.com/watch?v=zPad0auNjNg