Қазақстан коронавирус індетін жұқтыру және таралуы жағынан өте жылдам өсіп келе жатқан елдердің қатарында тұр. Нақтырақ айтқанда, дамыған 30 елдің емес, індет жұқтырған елдердің қатарында 31 орынға көтерілді.
Елдегі жағдайдың бақылаудан шығып кеткенін, министрліктердің дұрыс жұмыс атқара алмағанын президент баса айтты. Үкіметке берілген екі апта уақыт ішінде қандай өзгеріс болатыны әзірге белгісіз. Алайда күн санап өсіп келе жатқан, дерттен көз жұмып жатқан көршісіне, туысына, жақынына бей-жай қарай алмаған кәсіпкерлер мен қарайған халық өзі көмекке ұмтыла бастады.
Алыс-жақын елдерден ауруханаларға тыныс алу аппараттарын алуға жиналып жатқан ақшада есеп жоқ. Әр өңір, әр аймақ, әр адам шамасы келгенше қол ұшын беріп жатыр.
Мемлекеттің індетпен күресуге бөлген бюджетінің 600 миллион теңгесін Денсаулық сақтау министрлігі PR- науқанға және бейнероликтерге жұмсап жібергенін, оның ішінде 200 миллион теңгенің есебін беру қиынға соғатынын республикалық арнайы мониторниг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева атап өткен еді.
Соңғы мәлімет бойынша елдегі жағдай төмендегідей:
Жалпы жұқтырғандар саны (расталған) – 59 899
Емделіп шыққандар – 34 190
Қайтыс болғандар саны – 375
Бұл ресми мәлімет
coronavirus2020.kz- те жүктелген. Ал
«Азаттық радиосының» есебінше 9 шілдеге дейін елде пандемия және коронавирустан қайтыс болғандар саны 1589 адам деп көрсеткен.
Атап өтетін жағдай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бөле жарып қарастырып келген коронавирус және пневмония диагноздарына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біржақты түрде COVID-19 болуы мүмкін деген баға берді.
Естеріңізге салай кетейік, 2012 жылдың желтоқсан айында ҚР-ның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жөнінде жаңа стратегиялық мақсат қойылған болатын.
Бүгін елімізде аза тұту күні. Елорда уақыты бойынша сағат 12:00-де коронавирус індетінен қайтыс болғандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланады.